Ораза – жанның азығы, тәннің шипасы
Рамазан мұсылмандардың ұлық мерекесі. Ораза ұстаған адам таң атқаннан күн батқанға дейін ниетін бекітіп, тамақ ішуден және өзге де оразасын бұзатын заттардан бас тартады. Ораза араб тілінде «саум» деп аталады. «Саум» сөзінің тілдік мағынасы барлық нәрседен тыйылу деген ұғымды берсе, шариғаттағы мағынасы таң атқаннан күн батқанға дейін ораза ниетімен ішіп жеуден, басқа да оразаны бұзатын нәрселерден аулақ болу дегенді білдіреді.
Рамазан айының әрбір түнін, әсіресе, соңғы он күндігінің әр түнін Қадір тұтып, ерекше құлшылықпен өткізсе, Аллаһ тағаланың сексен үш жылдық сауабына ие болады. Ораза ұстағанның екі қуанышы бар. Сәресі ішу және оны екінші шапақ атқанға дейін кешіктіру – оразаның мұстахабы. Мұстахап дегеніміз – жақсы істер, яғни сауап. Бір жұтым болса да сәресінде тұрып ішіп-жеу – мұстахап. Ақшам кірсе, ауыз ашуға асық. Ауызды ақшам намазының уақыты кірген соң, ақшам намазын оқымай тұрып ашқан абзал.
Ораза тек ашығу емес. Ұлы Жаратушы разы болмайтын барша істерден тыйылып, күллі жаман ойлардан арылу. Ораза ұстауға ниет еткен жан, аузын астан тыюмен қатар, аузынан жаман сөз шықпауына да барынша мұқият болады. Өсек-аяң, өтірік айтудан, біреуді орынсыз ренжітуден абай болуды дұрыс көреді. Рамазан айында, мейлінше адамдар бір — біріне қайырымдылық жасап жарысады. Жетім-жесірлерге, мұқтаж адамдарға қол ұшын береді.
Ораза – адам денсаулығы үшін де пайдасы зор. Медицина тұрғысынан да дәлелденген. Мамандардың айтуынша, ораза адам ағзасының қорғаныш жүйесін нығайтып, иммунитетке қатысты жасушалардың құрамын жаңартады.
Рамазан айында адамдардың бойындағы бір-біріне деген мейірімділік, жанашырлық пен жылулықты көремін. Отбасымыздың амандығын тілеп, мешітке барып пітір садақа береміз. Садақа – бәле жаладан қорғайды. Ораза айында адам баласы астың қадірін, шыжыған күннің ыстығында бір тамшы судың қадірін түсінеді. Бұның бәрін сөзбен жеткізу мүмкін емес.
Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын. Барша мұсылманның ұстаған оразасы, дұға тілегі қабыл болсын ағайын!
Әбіләшім Мырқасымов,
«Жастар ресурстық орталығы»
КММ-сі директорының орынбасары.