Рамазан ысырап айы емес

114 Views

Рамазан айында ең көп орын алатын қате­лік­тердің бірі, ол адамдар тара­пынан жасалатын ысырапшылдық. Өкі­нішке орай, кейбір адамдар үшін Рамазан айы тек тамақтану жайында ой өрбіту мен тек соны ғана ойлау айы болып қалуда. Олар күндерді Құран тіләуат қылу, кітаптар оқу және басқа да көптеген ғибадатпен өткізудің орнына мәзір жасау, тамақ дайындау, дүкендер ара­лау жайында кеңірек ойлап, уақытты көбі­несе сол нәрселер үшін жұмсап жатқандықтары көп байқалуда. Жалпы, ой-пікірлерінің барлығы тағамда болуда. Нәтижесінде Рамазан айы тамақтану айына айналғандай сыңай танытуда. Қасиетті Құранда: «Жеңдер, ішіңдер және ысырап етпеңіздер. Өйткені, Алла ысырап етушілерді жақсы көрмес» дейді. (Ағраф, 31).
Жасыратыны жоқ, кейбір адамдар сәрелік уақытында шамадан тыс көбірек тамақ­тануды да әдетке айналдырып алған. Құдды бір сол тәсілмен күндізгі аштықтан аман қалатындай сезінеді. Кешкілік жағдайда да сол, тарауих намазы алдын күні бойы жемеген астың қарымтасын қайтарып жатқандығы көзге ілінеді. Мән беруіміз керек, мұндай ораза түрі шариғат заңына еш сәйкес келмейді. Әрбір істе орташалықты ұстанғанымыз жөн. Миқдам ибн Мағди р.ғ. риуаятында, Пайғамбарымыз с.ғ.с.: «Адам баласы толтыратын ыдыстардың ең жаманы, ол – қарын. Адам өмір сүру үшін (тұрып-жүре алатындай дәрежеде) ғана тамақтануы жеткілікті. Егер реті келсе, асқазанды үш бөлікке (тағамға, суға және ауаға) бөлгендеріңіз абзал» деген.
Діннің көздегені, артық тамақтану пендені парыз және нәпіл ғибадаттардан тосады, екеуінің (парыз, сүннет) ара­сының еш парқы жоқ етіп қояды. Егер сәресі мен ауызашардағы тамақтану жүйесін дұрыс жолға қойсаңыз, ораза­ңыз қабыл, әрі денсаулығыңызға сіңімді де пайдалы болады. Көп тамақтану ұйқыға жол ашады. Жал­қаулыққа да бастайды. Тіпті тарауих намазына да селқостық танытуыңызға әкеліп соғады. Мы­са­лыға айтар болсақ, Имам Журжәни: «Ысырапшылдық дегеніміз – шекарадан шығу» деп қоры­­тын­дылаған екен.
Ұзын сөздің қысқасы, Ислам ғұла­ма­ларының бірінің: «Көп мөлшерде тамақтанбаңыздар (қатты тойып) жеме­ңіздер! Асқазандарыңызды жануар­лар­дың қабірлеріне айналдырмаңыздар» де­ген сөзін келтіріп өткенді жөн сана­дым.
Жалпы мақаламыз Рамазан айында жасалатын ауызашар рәсімдерінде ысы­рап­шылдықтан аулақ болу мақса­тына арналып жатыр. Бұл діні­міздің басты қағидасына жатады. Ысы­рапшылдық не себепті тыйым салын­ған десеңіз, шариғат әр нәрсені ертеңі­мен ойластырып, мұның арты тіпті, рияға, жарысушылдыққа және мақтанушылыққа да әкеп соғатынын ескер­тіп өткен. Бей-жай қарасақ ұсақ-түйек күнәларға да ие болуларымыз бек мүм­кін. Сол үшін де Пайғамбарымыз с.ғ.с.: «Үнемді болу – жарты ризық» де­ген.
Құранда: «(Сараңдық қылып) Қолыңды мүлде мойныңа байлаулы қылма да (Ысырап арқылы) бүтіндей ашпа. Онда сөгіске ұшырап, тар­шылықта қаласың» – деп баяндаған. (Исра сүресі, 29) Бірде Сағд ибн Аббас р.ғ. дәрет суын шамадан тыс көбірек қолданып жатқанын көрген Пайғамбарымыз с.ғ.с.: «Әй, Сағд, бұл не сұмдық, неткен ысырапшылдық! Тіпті ағын судың жанында отырған болсаң да қажетіңнен көбірек қолдану – ысырапшылдық болып саналады» деген екен.
Сол үшін де құрметті оқырман, әркез ысырапшылдықтан сақтанайық. Бере­кеміз шашылмасын дейтін болсақ, әрқашан ысыраптан сақтанып, бірқа­лыпты және орта жолды ұстанғанымыз абзал.

Үмбет Сабырханов,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы.

Поделиться ссылкой: