Түркістан – ер түріктің бесігі

180 Views

Әз-наурыз көп этносты еліміздің бірігіп тойлайтын достық, бірлік, бейбітшілік мейрамы. Ұлыстың ұлы күніне орай, Әулиеата жерінде мейрам айрықша тойланды.Төл мереке ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жоғары деңгейде ұлықталды.Наурыз мерекесінде облыс әкімшілігінің ұйымдастыруымен өңіріміздің зиялы қауымы, ардагерлерімен қатар Таразда өткен халықаралық ауыл шаруашылық форумынаТүркиядан келген жетпіске жуық қонақтар киелі Түркістанға жолға шықты. Облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы жолаушыларды төл мерекемен құттықтай отырып, сапарларына сәттілік тілеп, шығарып салды.
Тарихы терең Түркістан еліне жам­былдық делегацияны облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек пен аппарат басшысы Лесбек Ілебаев жол бастап барды. Түркістанға сапар шеккен зиялы қауым өкілдерінің қатарында ақын Шырын Мамасерікова, жазушы Көсем­әлі Сәттібайұлы, әнші-компо­зитор Әбиірбек Тінәлі, актер Жүніс Әлім­бек, республикалық «Салық тәр­тібі» газетінің бас редакторы Ғалым Қаса­бай, филология ғылымдарының кандидаты Меңдібай Әбілов, ақын Ғайни Әлімбекқызы бар. Сол қатарда біздің ауданымыздан барған азаматтар да болды. Яғни, аудан экономикасының өрісті дамуына сүбелі үлес қосқан зейнеткер азамат Серік Сәлімбаев, Ауған соғы­сының ардагері Оразхан Сұлтанов және мен де болдым. Зиярат етуші қауым ең алғаш Арыстан баб кесенесіне жол тартты. Кесене аумағына Бейбарыс сұлтан мен Әл-Фарабиға арнап тас қойған. Тарихи ескерткішке барар жолда жазылған бірнеше өлең жолдарының арасында Қожа Ахмет Ясауидің:
Басынан әркімнің бұл жалған өтер,
Баянсыз жатпай жиған мал да кетер.
Қарындас, ата-анаң қайда кетті,
Ағаш ат әлі-ақ бір күн саған жетер.
Қожа Ахмет, ұста қақты назарыңа,
Қорлық бар Тәңірімнен жазалыға,
Орындап мұратыма жеттім міне ,
Ораза, намазыңды қаза қылма – деген хикметі көзге оттай түсті.
Жамбылдық делегация киелі жерде мәңгілік ұйқыда жатқан қазақтың дара ұлы Өзбекәлі Жәнібекке арнап құран бағыштап, ары қарай Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті. Түркия елінен келген қонақтар «Түбіміз бір, тарихымыз бір» – дей отыра қорымда жерленген хандар мен билердің рухына тағзым етті.
Түркістандық танымал кәсіпкер Базарбай Зүбайділдәұлының ұйымдастыруымен ауыз бекіткен жандар үшін арнайы дастархан жайылды. Облыс әкімінің орынбасары, аппарат басшысы, түркиялық «ECOSA» халық­аралық ұйымының президенті Ылдырай Генчер, «TURKTOB» төр­ағасы Өмер Гюллер өз алғыстарын білдірді. Бірқатар зиялы қауым сөз сөйлеп, Ұлыстың ұлы күнінің тарихы жайлы сөз қозғады. Кәсіпкер қонақтарға естелік сыйлық таратты. Кеш соңы делегация мүшелерінің екі дүние есігі Түркістан елінің жаңа құндылықтарымен таны­сып, көрікті жерлерін аралаумен жал­ғасты.
Тарихқа тағзым ету – тарихи сананы дұрыс қалыптастыру. Сондықтан да осындай рухани тұрғыдағы іссапарлар жиі ұйымдастырылса, өскелең ұрпақ үшін пайдалы болары анық.
Мен өз тарапымнан киелі Түркістан жеріне арнайы іссапар ұйымдастырып, ардагерлерді құрметтеген аймақ бас­шысы Ербол Қарашөкеевке зор алғысымды білдіремін.

Әнуарбек Тұрманбетов,
Жақсылық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Поделиться ссылкой: