Дулат баба кесенесі – тарихи құндылық

467 Views

Киелі Әулиеата жерінде тарихи маңызы бар кесенелер өте көп. Біздің ауданымыздың территориясынан салынған Дулат баба кесенесі де сондай тарихи жәдігерлердің бірі болып саналады.
Дулат баба туралы ел ішінде түрлі аңыз бар. Ол әрине адам баласын қызықтырады. Осы мақсатпен бізде Дулат баба жөнінде ғылыми жоба жазған едік. Ғылыми жобаны зерттеу барысында көптеген мағлұматтарға қанық болдық. Мәселен, аудан тұрғыны Ысқақов Нұржан Рахымжанұлы айтып берген мына өлең жолдары бізді бей-жай қалдырмады. Ол кісінің айтуынша, Дулат бабаның бұл өлеңі аян ретінде түскен екен. Осы өлең жолдарын газет оқырмандарына ұсынуды жөн көрдік.

Ұлы жүзде ұлағатты Дулатым

Жер – ана түрлендіріп гүл атады,
Хақ тәңір адам затты жаратады.
Қазақтың байырғы ел шежіресі,
Дулатты үйсіндерден таратады.

Ұлы жүз он бір ұрпақ көктеп өскен,
Жел үрсе айдарынан самал ескен.
Жалайыр, Сергелі мен Қаңлы баба,
Сары үйсін, Шанышқылы бірге өскен.

Ошақты, Ысты менен Шапырашты,
Сарайын талай жанның тура ашты.
Албан, Суан, Дулат кеп бұл өмірге,
Жаратқан шаңыраққа нұрын шашты.

Әкеге тартқан Дулат ұлыс болды,
Әулетке бақ-береке, ырыс қонды.
Бабалар Сиқым, Ботпай, Шымыр, Жаныс,
Дулатта он бір тайпа болыс болды.
Әуелден Дулат баба дара туған,
Жайсаң мен жақсылардың жолын қуған.
Жаратқан шапағатты нұрын төгіп,
Бақ қарап, қасиетті Қыдыр қонған.

Арасан Үлкен Шымған Қазығұрттың,
Мекендеп қамын ойлап қалың жұрттың.
Дуалы бір ауыз сөз шешімімен,
Сейілткен түнергенін қою бұлттың.

Ұраны “Бақтиярлап” жауға шапқан,
Тіксінген сойылынан қарсы дұшпан.
Киелі Дулат батыр бабамыздың,
Қалықтап төбесінде қыран ұшқан.

Еңбегі Дулат баба ерен дейді,
Болуы Жетісуда ұлысбегі-
Әкесі Жарықшақтың бұйрығымен,
Домалақ анасының ықпалы еді.
Төрт ұлы-төрт барысы қатар өсті,
Ботбайы батыр болды өңі сесті.
Шымырға байлық бітіп шалықтаған,
Жүзінен шырайланған самал есті.

Сиқымы серіліктің жолын қуды,
Өнермен талай жанның аузын буды.
Үш жүзде даңқы асқан Төле биім,
Дулаттың Жанысынан келіп туды.

Ұлы жүз ұрпағы бар ұлағатты,
Тұлпар ғып мініп алған пырақ атты.
Осындай бабалардың жақсылығын,
Кірлетпей таза ұстағын мұрағатты.
Аяжан Боран,
Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы.
Жетекшісі Асем Ақанқызы,
Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі.

Поделиться ссылкой: