Алматыда республикалық ІІ өңірлік мерзімді басылымдар форумы өтті

141 Views

Алматы төрінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өткен республикалық ІІ Өңірлік мерзімді басылымдар форумы өткізілді. Аймақтағы БАҚ-тың өзекті мәселелерін «Мерзімді басылымдар – халық сауаттылығының қайнар көзі» деген тақырып шеңберінде қаузаған алқалы жиын екі күнге созылды.

Оған әр облыс, қаладан ақпарат саласын дамытуға үлес қосып жүрген 100- ден астам медиа маман келді. Форумның алғашқы күні «Басылымдарда сапалы контентті қалыптастыру», «Баспа басылымдарын танымал ету және тарату: аймақтық қырлары», сондай-ақ, «Салалық журналистика» тақырыптарында панелдік отырыстар өтті. Форум аясында спикерлер тәжірибелерімен де бөлісті.
Мәселен, Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков жас кадрларды көптеп тарту, журналистерді ынталандыру үшін «Алматы жастары» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.
Форумның пленарлық отырысында «Жас алаш» газетінің бас редакторы Алмас Нүсіп және «Мысль» журналының бас редакторы Асыл Сағымбеков сараптамалық материал жазу стилі, журналистік зерттеу тәсілдері туралы сөз қозғап, дәл осы жанр газет оқырманын ұстап тұруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Ал филология ғылымының докторы Орынай Жұбаева баспасөз беттерінде қате қолданылып жүрген сөздер мен тіркестер туралы тарқатты. Әсіресе, жас буынның өзіміздің қазақы, ұғынықты сөздер тұрғанда, орыс тілінен тікелей аударылған калька сөздерге, шетелдік терминдерге әуестігін сынға алды.
Мерзімді басылымда жазудан бөлек, беттелуі, дизайны, суреттермен көмкерілуі де үлкен рөл атқарады. Бәсекеге төтеп берудің тағы бір жолы – осы. «Курсив» газетінің шеф-редакторы Татьяна Николаева газеттің қатталуы, мақалаларды, оның тақырыптарын тартымды, «ойнатып» беру әдістері туралы қозғаса, «Казахстанская правданың» фототілшісі Юрий Беккер газеттегі материалдарға өзгеше әр беріп, жазусыз-ақ «сөйлетіп» тұратын суреттердің шебер берілу жолдарын, кәсіби шеберліктің маңызды қырларын әңгімеледі.
Республикалық ІІ Өңірлік мерзімді басылымдар форумында 5 панельдік сессия өтті. Отыздан аса медиа маманы тәжірибесімен бөлісті. Форум соңында әр аймақтан келген 10 журналист салтанат­ты рәуіште «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Мақала «Алматы ақшамы» газетінің сайтынан алынды.

Поделиться ссылкой: