Таза жолмен еңбек ететін адам — адал азамат

238 Views

Атырау жерінде өткен үшінші Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген мәселелерді сөз етті. Әсіресе, зиялы қауым арасындағы белгілі бір тұлғаларға қатысты дау-дамай, талас-тартыс көбейіп кеткендігіне баса назар аударып, сөз сөйледі Президент.
Ел ағалары ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет деп ойлаймын. Қазіргі таңда елімізде орын алып жатқан оқиғалар мен белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылаулар мен жалған ақпараттарды әлеуметтік желілерде жариялау көбейіп барады. Олардың ақ-қарасын ажыратып, ақиқатына жету қиын. Алайда бүгінде еліміздің бірқатар өңірлерінде орын алып жатқан табиғат апаттарынан зардап шегіп жатқан халыққа көмек қолын созып жатқан азаматтар да баршылық. Міне, біздің елдігіміз бен ауызбіршілігіміз. Бір-бірі­міз­ге бауырмалдығымыз бен жана­шыр­лығымыз. Қазақ қай заманда да досқа адалдығымен, уәдеге беріктігімен ерекшеленген халық. Біз осындай қасиетімізбен болашақ ұрпақ­тың санасында қалу үшін оларға жақсы тәлім-тәрбиенің негізін қалауды ұмыт қалдырмауымыз қажет.
Осы Құрылтайда Президент ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға жеке-жеке тоқталды. Олар – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық. Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Президент ұсынған «Адал азамат» ұғымы Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр.
Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды.

Гүлмираш Қырықбаева, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі.

Поделиться ссылкой: