Мың адам қатысқан сенбілік

152 Views

Адамдар қызық. Бәрі демейміз, дегенмен, жасаған жұмысқа үйде отырып алып, «Сын айтқыштар» жетерлік. Қазір өзі әлеуметтік желідегі комментарий мен өмір сүретін болды ғой, жұрттың көбі. Жоқ, айтпасын демейміз, айтсын. Бірақ сол айтқандары әділ әрі шындыққа жанасса дейсің. Мәселен, сәуір айының 11-нен бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде бес апталық «Таза Қазақстан» атты республикалық ауқымды акцияның өткізілуі туралы Қаулы шығарды. Бұл акция қазір өңірімізде қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Оны газетімізден оқып отырсыздар.
Бұл акция бір айға жалғасатынын айттық. Сондықтан алдағы уақытта да біз бұл туралы ақпарат таратып отыратын боламыз. Өткен аптада бастау алған «Таза Қазақстан» атты ауқымды акцияның орындалу барысы ауданымызда жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Өткен сенбіде оған өзімізде куә болдық.


Аудан әкімі Ернар Есіркепов бастаған мемлекеттік қызметшілермен бірге ауданның зиялы қауымы, білім, денсаулық, мәдениет және спорт салаларында еңбек ететін қызметкерлер, сондай-ақ, әртүрлі деңгейдегі мекемеде жұмыс істейтін еңбек адамдары мен ерікті жастар да «Дендро» саябағына барып, сенбілік жұмыстарын жүргізді. Сенбілікке сөз арасында айтып өткеніміздей, әртүрлі сала қызметкерлерінен 1000-ға жуық адам қатысты. Ерігіп жүрген ешкім жоқ, әрине. Сенбілікке қатысқандардың көздегені де сол, Прези­ден­тіміздің ұсынысын қолдап, ауданымыздағы «Дендро» саябағы және тарихи мәдени нысандардың ауласына сани­тарлық тазалық жұмыстарын жүргізіп, қоршаған ортаны қадірлеп, өздерінің азаматтық белсенділігін таныту.
Біз мақаланың басын бекерден-бекер «Адамдар қызық» деп бастаған жоқпыз. Қайталап айтамын, өзім де осы сенбілікке қатыстым. Барлығын көзім көрді. Яғни «Дендро» саябағына көгеріштендіру мен абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Содан жасалған жұмыстар туралы «Құлан медиаға» ақпарат шықты. Ал кеп, комментарий жазылды-ай, сосын. Соның ішінде «Показуха» дегендер де болды. Бұл әрине, бас қатыратындай мәселе емес. Біздіңше, жасалған жұмысқа көшелі сөз емес, әділ әрі шынайы баға берілу керек. Әйтпесе, бәріне Құдай куә.
Жә, мейлі, бәрін де қойшы осының. Қайсыбірінің алдында ақталасың. «Таза Қазақстан» акциясы әлі де жалғасады. Сол кездерде де осындай комментарийлер жазылар. Бірақ біз онымен өмір сүрмеуіміз керек. Тек өз ісімізге адал болып, мемлекеттің мүддесіне қызмет етуіміз керек. Ұлтқа қызмет ету – жай үйде отырып алып, комментарий жазудан емес, осындай шынайы жанашыр әрі азаматтық ұстанымнан басталады.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: