Қоғамдық кеңес – қоғамдық сенім бастауы

61 Views

Өткен жұмада Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Ернар Серікәліұлының қатысуымен қоғамдық кеңес мүшелерінің кезекті жиналысы өтті. Аталмыш жиынға аудан әкімінен бөлек аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов, қоғамдық кеңес төрағасы Шорабек Атабаев, сонымен қатар аудан әкімдігінің бөлім басшылары да қатысты.

Жиын барысында аудан басшысы Ернар Есіркепов осы уақытқа дейін атқарылған және атқарылуға тиісті жұмыстар жөнінде өз баяндамасын жасады. Жалпы, өткен жылы ауданның барлық саласында ауыз толтырып айтарлықтай өсім болған. Тек агросаладағы көрсеткіштер белгіленген межеге жете алмаған. Оған әсер еткен – қуаңшылық. Аудан басшысының айтуынша, осындай олқылықтардың алдын алу үшін алдағы уақытта каналдар мен тоспаларды салу жоспарлануда. Айта кетейік, болашақта ауданымызға бес бірдей су қоймасы салынбақшы. Ернар Есіркепов жиын барысында кәсіпкерлік пен тұрғын үй саласын дамыту, ауылдарды әрі сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, инфрақұрылым жүйелерін тарту бағытында жүзеге асқан бірқатар жетістіктер жөнінде айтып өтті.
Аталған жиында аудан басшысына Қоғамдық кеңес мүшелерінің тарапынан алуан түрлі сұрақтар қойылды. Кеңес мүшелері құқық қорғау, денсаулық, білім, ауыл шаруашылығы салаларына қатысты мәселелерді көтеріп, ортаға салды. Айта кететін жайт, Қорағаты округінің құрамына кіретін елді мекендерге ауызсу жеткізу, Әбілхайыр мен Д.Қонаев ауылдарына қоғамдық көлік жүргізу сынды мәнді мәселелер көтерілді. Аудан басшысы қойылған сауалдарға жауап беріп, аталған мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.

Гүлнұр Аманжол.

Поделиться ссылкой: