Өз өлкеңді танисың ба?
50 Views«Өзгені тану үшін алдымен өзіңді тани біл» деген жалпы адамзаттық қағида ең алдымен туған өлкенің тарихына үңілуді талап етеді. Осы орайда, жақында аудан орталығындағы…
Тұрар Рысқұлов – басшы бола білмектің, басқара білмектің, ел мен жерге, халыққа қызмет етпектің, зиялылық пен зияттылықтың үлгі-өнегесін көрсете білген тұлға. Түркі тектес халықтардың түгел тағдырын тым тереңнен ойластыра алған ұлт қайраткері. Қазақ халқын ашаршылық нәубетінен сақтаған да еліміздің маңдайына біткен тау тұлғалы Тұрар Рысқұлов еді.
Ең алғаш Тұрар Рысқұлов туралы қалам тартқан жазушы Мұхтар Әуезов болатын. Тұрар Рысқұловтың көзі тірісінде-ақ жазылған «Қараш-қараш оқиғасы» повесін оқып, алаш қайраткерінің ағыл-тегіл жылағанын Шерхан Мұртаза «Қызыл жебе» романында аса шеберлікпен суреттеген. Өз заманының «Қызыл жебесі» атанған Тұрар Рысқұлов қиын-қыстау кезеңде халықтың жанашырына айналды. Тұрар Рысқұлов Түрксіб теміржолының негізінің қалануына үлкен септігі тиген ер тұлғалы азамат. Алты жылға жоспарланған ірі құрылысты үш жылда сапалы түрде бітірген ұлт қайраткерінің еңбегі бағаланды. Ауданымыз 1999 жылдан бері Тұрар Рысқұловтың тегімен аталады. Қазірде Түрксіб теміржолы Орталық Азияда орасан зор теміржол торабының бірі.
Сонымен қатар, Тұрар Рысқұлов Қазақстандағы ашаршылық жылдарында өзінің азаматтық позициясын именбей, ашық айтқан тұлға. Сталинге ашаршылықтан халықтың қырылып жатқанын тілге тиек етіп сан мәрте хат жолдаған. Дегенмен, оның жанайқайын естір құлақ, түйсінер түйсік болмады.
Тарих парақтарынан халық көңіліне жебеу болып, үстіндегі көйлегін шешіп беруге дайын Тұрар бейнесін көреміз. Ерен еңбектің нәтижесінде миллиондаған қазақ зұлмат заманнан аман шықты.
Көңіл қынжылтарлығы, қазақты аштық қырғыннан сақтаған Тұрар Рысқұлов аштан өлген. Бұл туралы Шерхан Мұртаза «Бір кем дүние» кітабындағы «Қайда?» деп жазған естелігінде «Аштық ажалынан арпалыса арашалаған Тұрар Рысқұлов ақыр соңында өзі аштан өлген. Әділет қайда, атасына нәлет» – деп күйінеді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, биыл Тұрар Рысқұловтың туғанына – 130 жыл толды. Аудан әкімшілігі қазақтың мәуелі ағашының дүние есігін ашқан күнін айрықша тойлайды деген бек сенімдемін. Қазақ халқының жанашыры ел есінде мәңгі қалары сөзсіз.
Нұрай Нұрболқызы,
Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы.