Әженің сөзі – тәрбиенің көзі

232 Views

Жақында Тараз қаласында Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер
және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен облыстық «Аялы әже» атты форумы өтті.

Форумның мақсаты – халқымыздың ұлттық құндылығын, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін насихаттай отырып, жастарға рухани тәрбие беру. Өзіндік өнегесі бар, дала дәстүрін сақтаған әжелердің тәрбиесін жастардың бойына сіңіру.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында: «Ұлтымыздың тарихи сана сезімін жаңғырту өте маңызды. Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Жасыратыны жоқ, қазіргі интернет дәуірінде тәрбие жұмысы ақсап тұр» – деген болатын. Осы сөз назарға алынып, қасиетті Түркістан қаласында «Әже – ұлт ұйытқысы, тәрбие бесігі» атты жиын өтті. Дәл осы жиын «Аялы әже» деген тақырыпта біздің киелі Тараз жерінде өз жалғасын тапты.
Аталмыш форумға әр ауданнан отыз әжеден қатысты. Сол форумға Тұрар Рысқұлов ауданынан да отызға жуық әжелер барып қатысты. Кештен рухани эстетикалық әсер алып, қазіргі әженің қоғамдағы орнының ерекше екенін сезіндік. Форум әжелердің «Даналық мектебін» әрі қарай жалғастырып, ұлт тәрбиесінің діңгегін жоғары ұстап, жұмыс жасауымызға ерекше серпіліс берді. Форумға қатысқан әжелердің ұлттық киім, әппақ кимешек кигенін көріп өте разы болдық. Форумда алтын, күміс алқалы әжелер бала тәрбиесіндегі жетістікке жеткен еңбектері үшін түрлі марапаттарға ие болды.
Әженің сөзі – тәрбиенің көзі. Бүгінде Ғалия Өтеулиева, Есенкүл Мұхтарова сынды аналар алқасында белсенділік танытып жүрген әжелеріміз баршылық. Әжелердің бойынан тұнып тұрған ұлттық болмыс, тәрбиенің қайнар көзін көруге болады десем артық айтқаным емес. Мақсатымыз – келешек жастарға ата мен әженің тәлім-тәрбиесін беру.
Салт-дәстүріміздің өзі ұлт тәрбие­сіндегі жеке бір институт. Жақында Көкдөнен ауылдық округінде «Ата мен әженің тәрбиесі – жас ұрпақты кемел келешекке бастайды» деген тақырыпта аудандық Аналар алқасының қолдауымен семинар өткізілді. Шара­паты мол шарада ата мен әженің тәрбиесі жайында сөз қозғалып, баланы бесік жырымен әлдилеп, ес білгенде ертегі жырымен сусындатып өсіру керек деген ортақ ұйғарымға келдік. Семинарда отбасылық тәрбиеде әжелердің орны ерекше екендігі баса айтылды.
Ұрпақ тәрбиесі жолында зиялы қауым өкілдерімен әрдайым рухани әріптестік байланыста жұмыс жасай­мыз. Дәл осы мақсатта «Балапан» бөбекжай-бақшасында «Еркелейтін әлі мен, әжем жақсы бәрінен» атты тақырыпта ашық есік күні өтті. Сол жиында «Қазақи тәрбиенің бастау бұлағы – әже» тақырыбында пікір алмасудың тәрбиелік мәні зор болды.
Жыл басында бір жылдық жоспар құрып, «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын жүзеге асыруға төрт бағыт бойынша жұмыс атқарып келе­міз. Әрине, ауданда ауыл аналары белсенділік танытады. Аналарға аудан әкімі Ернар Серікәліұлы әрдайым ерекше қолдау көрсетіп отырады. Және де әрбір өткізетін іс-шарамызды аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Рүстем Қырықбаев, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов мырзалармен бір­лесе ақылдасып жұмыс атқарамыз. Сондықтан әрбір іс-шарамыз мазмұнды, сәтті өтіп отырады. Облыстық «Аялы әже» форумы жоғары деңгейде өтті деген сенімдемін. Өз басым бұндай форумды көргенде арманда, көрмегенде арманда деп бағалаймын.
Осы форумға жан-жақты үлкен күш салып, дайындықпен өткізуге қолдау көрсеткен облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке, облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Е.Солтыбаев, облыстық аналар Кеңесінің жетекшісі Х.А.Оспановаға алғысымызды біл­діре­міз. Сіздерге зор денсаулық, еңбек­теріңізге үлкен табыс тілейміз.

Түзел Селбай,
аудандық ардагерлер Кеңесінің жанынан құрылған «Аналар алқасының» төрайымы, ауданның Құрметті азаматы.

 

Поделиться ссылкой: