Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау керек

132 Views

Облыс әкімдігінде Мемлекеттік рәміздер жөніндегі өңірлік комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиын барысында мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік рәміздерді орналастыру тәртібін тексеру қорытындысы айтылды. Комиссия төрағасы, облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев мемлекеттік рәміздерге қатысты мәселелерді бақылауда ұстау облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының құзырында екенін атап өтті.
Өз кезегінде облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова облыстағы мемлекеттік мекемелерге жүргізілген тексеру қорытындылары туралы хабарлады.
– Іс-шаралар жоспарына сәйкес, өңірлік комиссия 13-24 мамыр ара­лығында 312 мекемеге барып, бір­қатар бұзушылықтарды анықтады, – деді ол. Спикер Қазақстан Респуб­ликасының Конституциясына сәйкес, әрбір азамат мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге және оларға ұқыпты қарауға міндетті екенін атап өтті. Бекітілген стандарттарға сәйкес оларды жыртылған, лас немесе тозған күйде пайдалануға жол берілмейді. Алайда, 15 мекеме өз ғимараттарының қасбетінде жыртылған, өңсіз және лас Туды ілген.
Мекемеге кіреберістегі маңдай­шаларды тексеру нәтижесінде тағы 17 бұзушылық анықталған. Мысалы, кейбір мекемелер реңі кетіп, түсі қашқан Елтаңбаны ілсе, енді бірі оны қисық орналастырған. Тағы төрт ұйым ту ілінген флагштоктың дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты ескертулер алған. Сонымен қатар, Ұлана Сламбекова барлық мемлекеттік мекемелер 2021 жылдың соңына дейін «Қазақстан» деген жазуы бар ескі Елтаңбаны латын графикасында жазуы бар жаңасына ауыстыруға тиіс болғанын, алайда, тексеру нәтижесінде бес мекеме әлі күнге ескі үлгідегі Елтаңбаны қолданып келгені анықталғанын айтты. Сондай-ақ, спикер Мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылатын іс-шараларға тоқталды.
– Тұңғыш Президент саябағында «Менің Отаным – Қазақстан!» атты патриоттық форум өтеді. Онда елі­міз­дің Әнұраны шырқалып, үздік патриоттар марапатталады. Мереке аясында Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранын бір мезгілде, яғни 4 маусым күні сағат 10:00-де қоғамдық орындарда, сауда орталықтарында, кәсіпорындарда және мемлекеттік мекемелерде орындау ұсынылады. «Әр үйдегі Ту» акциясы аясында біз азаматтарды мемлекеттік туды тұрғын үйлердің терезелері мен балкондарына қоюға шақырамыз, – деді ол. Білім беру мекемелерінде мемлекеттік рәміз­дердің қолданылуы туралы облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов айтып берді. Ол мемлекеттік меншіктегі 20 колледж, 445 мектеп, 224 мектепке дейінгі білім беру ұйымы және 60 қосымша білім беру мекемесі мемлекеттік рәміздерді толықтай пайдаланатынын атап өтті. Оның айтуынша, білім беру мекемелерінің ғимаратында барлық стандарттарға сәйкес мемлекеттік ту ілінген, ал мемлекеттік мекемелердің маңдайшалары Елтаңбамен безен­ді­рілген.
– Патриоттық тәрбие беру және мемлекеттік рәміздерге деген құрмет пен сүйіспеншілік сезімін ояту мақ­са­тында өңірдің мектептері мен колледждерінде мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран орналастырылған арнайы бұрыштар жабдықталған, Білім беру мекемелерінде ұлттық құндылықтарды насихаттау және мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға тәрбиелеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Өткен оқу жылында өңірдің 287 білім мекемесінде қазақ мәдениетінің көрнекті өкілі, мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Оңалсынұлы Ниязбековтің өмірі мен шығармашылығы тақырыбында сабақтар өткізілді, – деді ол. Келесі кезекте сөз алған облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев өңірде 392 денсаулық сақтау мекемесі жұмыс істейтінін, оның жартысынан көбі ауылдық жерлерде орналасқанын айтты. – Мекемелердің мемлекеттік рәміздерді пайдалануын арнайы комиссия тексерді. Барлық дерлік мекемелерде мемлекеттік рәміздер тиісті түрде белгіленді. Тек екі медициналық ұйымда бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, облыстық фтизиопульмонологиялық орталықта және Меркі аудандық орталық ауруханасында Ту тозып кеткен. Кемшіліктер жойылып, мекеме басшылары ескерту алды, – деді ол.
Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында дәрігерлер «Мен өзімнің Туымды мақтан тұтамын» онлайн-конкурсын іске қосуды жоспарлап отыр екен. Оған қатысу үшін әлеуметтік желілерде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы бар фотосуреттерді орналастыру қажет. Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков басқармаға бағынысты 53 нысан заңның барлық талаптарын сақтайтынын айтты. Сондай-ақ, мамандар халықаралық жарыстарда спортшылар қолданатын мемлекеттік рәміздердің де қабылданған стандарттарға сәйкес келетіндігін қатаң бақылауда ұстайтындарын жеткізді. Лесбек Ілебаев комиссия мүшелері мен мемлекеттік қызметшілерден мемлекеттік рәміздерге барынша құрметпен қарауды және барлық басқа азаматтар үшін үлгі болу қажеттігін айтты.

Маржан РАҚАЙ.

Поделиться ссылкой: