Жастар – қоғамның қозғаушы күші

112 Views

Қандай мемлекеттің де ертеңінің еңселі, болашағының баянды болуы жастарының болмысына, білім деңгейіне, қабілеті мен парасат-пайымына тікелей байланысты екендігі тарихта дәлелденгені ақиқат.
Бүгінгі жастар – ол ертеңгі ел азаматы. Мемлекет Тәуелсіздігінің бүгінгі даму сатысында ел жастарына артылып отырған сенімнің жауап­кершілігі үлкен, артар үміттің үлесі мол.
Қазіргі таңда елімізде 14-35 жас аралығындағы 5,7 миллионға жуық адам өмір сүреді. Тәуелсіз Қазақстан жастары – бұл өз елінің тәуелсіздігінің мызғымас берік екендігін сезінген жаңа буынның адамдары. Бұл еркін ойлап, жауапкершілікпен әрекет ете білетін, кез келген жағдайға шұғыл әрі ұтымды жауап бере алатын жаңашыл жандар. Бүгінгі жастардың бойында білім алу, өзін-өзі дамыту, саяхаттау, отбасылық құндылықтарға жауапкершілік сияқты қасиеттері алдыңғы шепте қалыптасып келеді.
Иә, бүгінде Мемлекет тарапынан жастар үшін барлық жағдай жаса­лып, қолдау көрсетіліп жатыр. Солар­дың бірі де бірегейі Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 2019 жылы «Президенттік жастар кадр резерві» жоба­сы іске қосылды. Бұл жоба барын­ша дайындықтан өткен және тәжірибелі жастарға мансап жолында ілгерілеудің бірегей мүмкіндігін ұсынады.
Тәуелсіздік жылдарында көптеген сынақтан өткен біздің аға буын, дағдарыстық әрекеттен жол таба білудің бірегей мүмкіндігін бізге көрсетіп келеді. Сәйкесінше бірлігімізді сақтау мен оны нығайту жолындағы нақты қадамдар біздің негізгі ұстанымызға айналды.
Қазақтың жолбарыс жүректі батыры, Бауыржан бабамыз: «Жиырма жас – тарихи ерліктер жасайтын жас. Осыған әрқашанда әр азамат әзір болу керек» дейді. Енді соған жастардың атсалысып, белсенді болатын уақыты келді.
Иә, біз, белгіленген бағытты ұстана отырып, қазіргі Қазақстанның бізге берген мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға бар күшімізді саламыз және Жаңа Қазақстанды бірге құрамыз.
Біз барлық жаңашылдықтың көшбасында болуға ұмтыламыз. Бар күш-жігерімізді өзін-өзі дамытуға, аса маңызды саяси-қоғамдық мәселелерді шешуге белсене араласуға жұмсаймыз.

Айдана Ибраева,
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің Құмарық ауылдық округі бойынша жастар ісі
жөніндегі маманы.

Поделиться ссылкой: