МЕМЛЕКЕТТІК КОРПОРАЦИЯ ҰСЫНҒАН ЖАҢА ҚЫЗМЕТ КӨЛІКТІ ҚАЙТА ТІРКЕУ ПРОЦЕСІН ЖЕҢІЛДЕТЕДІ

93 Views

Бұған дейін көлік құралдарын қайта тіркеу үшін автокөлікті сатып алу-сатудың нотариалды куәлан­ды­рылған шарты қажет болатын. Енді мамандандырылған ХҚКО қыз­меткері электрондық құжатты жүйеде қалып­тас­тыра алады. Ал сатушы мен сатып алушы «eGov mobile» қосымшасының көмегімен QR код сканерлеу арқылы құжатқа қол қоя алатын болады. Айта кету керек, бұл қызмет «Азамат­тарға арналған үкіметке» тиесілі. Бұл жаңашылдық қызмет алушылардың ыңғайлылығы мен жайлылығы үшін және көлік құралдарын тіркеу кезін­де сыбайлас жемқорлықты жою мақса­тында енгізілді. Енді Мемлекеттік корпо­рацияның, ҚР ІІМ және «ҰАТ» АҚ ақпараттық жүйелерінің ықпал­дасуының нәтижесінде автокөлікті қай­та рәсімдеу процесі ашық болады. Мәмілені тіркеу кезінде жалған қол қою мүмкін емес.
Қызмет алушылар жүгінген кезде мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының операторы сатушы мен сатып алушы туралы, сондай-ақ, көлік құралы жайлы мәлі­меттерді жүйеге енгізеді. Осыдан кейін жүйе автоматты түрде мәміленің электрондық жазбаша нысанын қалыптастырады және экранға QR код шығарылады. Оны сканерлегеннен кейін, автокөлікті сатушы және сатып алушы тараптар құжатпен танысып, оған ЭЦҚ көмегімен қол қоя алады. Сондай-ақ, ұйымның мүдделерін білді­руге сенімхаты және ЭЦҚ пай­далану құқығы бар заңды тұлғалардың өкілдері үшін де бұл процестің аналогы «eGov business» қосымшасы арқылы қолжетімді.
Осы тұста, көлік құралдарын қайта рәсімдеу кезінде мәміленің қағаз түріндегі жазбаша нысанын қабылдау ағымдағы жылдың 23 сәуірінде ҚР ІІМ көлік құралдарын тіркеу және есепке алу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгендіктен жойылғанын естеріңізге сала кетейік.

Аудандық Халыққа қызмет көрсету бөлімі.

Поделиться ссылкой: