БОЗ ДАЛАНЫҢ БОЗТОРҒАЙЫ

47 Views

Биыл ақын, композитор Кенен Әзірбаевтың туғанына 140 жыл толып отыр. Ол ән мен жырдың кеніші атанған Жетісудың ғана емес, исі қазақтың әншілік-күйшілік, ақындық-жыршылық, сал-серілік дәстүрін терең игерген өнер тарланы. Ұрпағына баға жетпес мұра қалдырған ақын мерейтойына орай еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Дара тұлғаның тұғыры жыл өткен сайын биіктеп келеді. Өйткені оның мол мұрасы қазақ өнерінде өміршеңдігімен ерекшеленеді.
11 жасынан қолын домбыра ұстап, өз жанынан өлең, ән шығара бастаған Кенен атамыз 13 жасында өзінің атақты «Бозторғай» әнін шығарған екен. Он үш жасында халыққа кеңінен таралған әнді шығару тек тума талантқа ғана берілетін Жаратушының сыйы болар. Халықтың көңілін елең еткізген бұл ән қазақ даласына тез тарап кетті. Бұл ән бүгінгі күнге дейін де маңыздылығын жоғалтқан емес.
«Боздаланың бозторғайы» атанған Кенен атамыздың есіл-сойы қырғыз-қазаққа мәлім бола бастады. Ақынның бозбала шағында дүниеге келген «Көкшолақ» әні оның даңқын арттыра түсті деуге толық негіз бар. Бұл әндері өмірдің қысастығына ашынған, содан құтылар жол іздеген жас ақынның бұлқынған жүрегі еді. «Көкшолақ» күні бүгінге дейін өзінің биігінен түскен емес, кез келген мәдени шараның ажарын ашатын керемет туынды.
Оның әншілік, композиторлық болашағына әнші-жыршылардың, домбырашы-күйшілердің әсері зор болды. Әсіресе, ол Жамбыл, Сарыбас, Балуан Шолақ, Шашубай сынды белгілі әнші-ақын, композиторлардан үлгі-өнеге алған. Серінің әндері әуендік толымды жаңалықтарына қоса, бітім-құрылысы мен тақырыбы тұрғысынан да өзіндік төл сипатымен дараланады.
Кенен Әзірбаев халқымыздың ауыз әдебиеті нұсқаларын есінде мол сақтаған. Дастан жанрын жастайынан жырлаған. «Шөпке барғанда», «Құдалар», «Әли батыр», «Қырғызбай», «Кенебай-Кербез», «Бұрынғы өткен батырлар», «Жалғыз қаз», «Жамбыл – жыр» атты толғаулары мен дастандары бар. Бұл шығармалары – ақынның эпикалық дәстүрге құрылған көркем дүниелері.
Кенен атамыздың айтуынан жазып алынған фольклорлық мұралар Қазақстан Ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар орталығында сақтаулы тұр.
Ғасырға жуық ғибратты ғұмырында Кенен Әзірбай мыңға жуық өлең, екі жүздей лирикалық, дидактикалық мәні бар арнау мен толғау, жүзден аса ән шығарған. Әндерінің сөзін де өзі жазып әрі асқан шеберлікпен орындаған біртуар дарын иесі.
Ақын-композитордың әндері халық сүйіп айтатын мәңгілік рухани қазынаға айналған. Көзі тірісінде-ақ аңызға айналған ұлы ақынның өмірі әлі талай ұрпақтарымызға өнеге болып қалатынына сенім мол.

Әсем Тастанбек,
М.Х.Дулати атындағы Тараз Өңірлік университеті web-журналистика

мамандығының 3 курс студенті.

Поделиться ссылкой: