Халықтың жүрегі һәм тірегі

137 Views

Тіл – бұл ұлттың қазынасы, ойдың қаруы. Тіл дегенде сайраған қызыл ет емес, сөйлеудің мәдениеті еске түсу керек. «Әрбір саналы, мәдениетті азаматқа ана тілі мен сол ана тіліндегі әдебиеттің қадірін білмеу – мәдениетсіздік» – дейді Жүсіп Баласағұн. Бұл ойдың астары терең. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген. Қоғам дамып, айнала мен сана-сезіміміз өзгерген заматта осы бір ескі қанатты сөз еске түседі. Сонда ойыма «Қазіргілер мәдениетсіз бе?» – деген сұрақ келеді. Тілдің қадір-қасиетін жырына қосып, жоғалмауы үшін жанын бергендер мен тілін бәрінен артық қойып, ұрпақ қамын жегендер артына қалдырған тұқым-тұяқтары өзге тілде сайрап, өз тілінің әріптерін шатастырып жүргенін көрсе налып кетер ме еді? Қазақтың тілінде ең көркем сөздер бар деп қадір-қасиетін аспандатсақ та, сөз арасында варваризмдерді қосып аяқ асты ететінімізге жол болсын!
Халықтың жүрегі һәм тірегі болған тіл, қазір қолданыстан шығып бара жатыр. Шыны керек, ауылдан шыққан таза қазақтың өзі “ңөң” сөзін біле бермейді. Тіл әртүрлі терминдермен шатаса айтылып, жапсарласа қолда­нылуда. Бұл өз кезегінде күнделікті сөздерді алмастырып айтуда байқалады. Қарапайым қазақтың сөзі бүгінде орыс шатыс сөздермен айқасып айтылып, жастар арасында үйреншікті болып бара жатыр. Оны жастарға ақыл айтар үлкен буын қолдағандай таза сөйлеуге тырыспай, керісінше жастармен жарыса қате сөйлейді. Тағы бір ғасыр шыдасақ, қазақ тілінің болғандығын тарихтың бетінен орысша қаріппен оқымасақ болғаны. Тіл деп жан ұшыра жыр жазатындар мен дәріптейтіндер жоқ емес. Тек қарасы аз. Қалың жұрт­шылыққа қалам тербеп тілдің өлмеуі үшін үлес қосып жүргендердің жаны ел үшін соғатындай.
Тіл – ананың ақ сүтімен дарып берілген жалғыз рухани құндылығымыз. Сан ғасырда сақталып жеткен мұраны таза күйінде өзімізден кейінгіге беру – біздің міндет.Тілдің мәдениетін сақтап, оның қаншалықты асыл екенін білуіміз керек. Қазақ атам әуелден-ақ тіл үшін барын салып келеді. Тілін ұмытқан адам тұтас тарихын ұмытқан деп санаған. «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» екенін жас ұрпаққа дәріптеу қажет. Бүгін бей-жай қарасақ ертең не болары бәрімізге беймәлім.
Әр елдің тілінде сөйлеп, «полиглот болам» деушілердің саны артқан сайын өз тілім деп ұрандататындардың азаюы да көңілге мұз басқандай. Абайдың философиялық терең мағыналы сөздері мен Мұқағалидің махаббат поэзиялары жастар үшін жеткіліксіз болғаны ма?
Мұхтар Шаханов: «Құрметті жастар, батыстың цивилизациясын аламын деп, канализациясына түсіп кетпеңдер» – деген еді. Сондықтан бүгін тіл білімін арттыруға, таза сөйлеуді насихаттауға берік болғанымыз жөн. Өз тілімізді өзіміз дәріптемесек, басқалардан не күтеміз? Отанымызға деген ыстық ықыласымызда тіліміздің күрмелуінен емес, сөзіміздің әдемі иілуімен білінеді. Тілдің мәртебесін өсіру де, өшіру де өз қолымызда екенін ұмытпайық.

Мадина Мұсабай,
М.Х.Дулати атындағы Тараз Өңірлік университеті Конвергентті журналистика мамандығының 2 курс студенті.

Поделиться ссылкой: