Намаз екі дүние рахаты

120 Views

Бүгінгі мақаламызда күнделікті оқылатын бес уақыт намаздың кейбір пайдалары мен қыр-сырлары жөнінде баяндап өткенді жөн санадық.
Намаз – Ислам дінінің бес парызы­ның біріне жатады. Намаз мүміннің екі өмірде де табысқа жетуіне себепкер болатын ізгі амалдар қатары. Намаз – Алла мен пенде арасындағы бай­ланыс негізі. Намаз, намаз­дың парызы мен пайдасы жайында Құранның көптеген жерлерінде келті­рілген.
Солардың ішінде Алла Тағала:
«Саған уахи етілген кітапты оқып, на­мазды орында. Күдіксіз, намаз ар­сыз­дық пен жамандықтан тыяды», – деп баян­дайды. (Ғанкабут сүресі, 45).
Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің арала­рыңнан бір адамның есігінің алдында өзен ағып, ол сол өзенге күніне бес рет шомылса, ол адамда кір қала ма?» – деп сұрағанда, сахабалар: «Жоқ қалмайды», – деп жауап қайырады. Сонда Алла Елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Судың кірді тазалайтынындай, бес уақыт намаз да күнәларды тазалайды» – деп намаз арқылы Алла Тағала пенделердің күнәларын жоятынын жеткізген.
Қазіргі таңда медицина саласы на­маздың адам баласына пайдалы тұста­рының көп екендігін айтып, растауда. Солардың кейбіріне тоқталып өтелік:
Намаз адамды варикоз кеселінен аулақ етеді. Адам намазға қатысты қимыл-әре­кеттерге бару арқылы аяқ-қолда­рын­дағы тамырлардың жұмыс істеулері себепті варикоз ауруынан аман болады.
Намаз денедегі қан айналымды да дұрыстайды. Неге десеңіз, дененің барлық ағзаларына қан бір уақытта таралады.
Денсаулықты күту үшін режим сақ­тауды баршамыз жақсы білеміз. Намаз оқуға дағдыланған адам да күнделікті намаз режимін ұстанады.
Намаздағы рүкуғ пен сәжде қарын, балтыр және сан еттерінің қуатты болуына өз әсерін тигізеді.
Намазда орындалатын амалдар асықпастан жеңіл болғаны себепті жүрекке салмақ түспейді.
Бір күнде басын сексен рет жер­ге қойған адамның миына қан өз деңгейінде ағып келеді. Сол үшін де намаз оқитын адамдар ұмытшақтықтан (склероз) аулақ болады.
Намаздағы изометрик қимылдар асқазан­дағы азықтың жақсы қоры­тылуына жәрдем береді.
Тәулігіне кемінде бес уақыт орында­латын ритмдік дене қимылдары әсері­нен денедегі омыртқалар дұрыс қимыл­дап, сары су жиналу, тұз жиналу сынды қауіптерден аулақ болады.Жалпы айтқан­да, артроз (артрит), остео­хон­дроз­дан аулақ етеді.
Намаз ішектердің дұрыс жұмыс жа­сауына өз пайдасын тигізіп, іштің қатуы сынды жаман нәрселердің алдын алады.
Рүкуғ пен сәжде миға қан келіп, оның және артқа қайтуына, қан қысымының азаюына, барлық ағзаларда қан бірқа­лыпты айналуына пайдасы мол.
Организмнің саламатты болуына тән тазалығының сақталуы өте маңызды.Намаз оқушы адам ғұсыл-дәреті арқылы осы бір мәселенің шешімін табады.
Төмендегі мына бір мәліметтерге зер салып көрелік.
«Пайғамбарымыз с.ғ.с. қандай да бір жағдайда көңілсіздік күйге түсетін болса, дереу намаз оқуға кірісетін еді» делінеді. Хадистен түсінгеніміздей, намаз жүрекке тыныштық орнатады.
Ақырет күні баршамыздан ең ал­ғашқы болып сұралатын сұрау да намаз екен.
Құрметті оқырман! Сол үшін де намаз оқу арқылы Жаратқанның құзырынан шипа табайық. Мақаламызды арнайы намаз тақырыбына арнауымыздың басты себебі де сол. Байқағандарыңыздай, Алланың біздерге берген әрбір парыз амалдары, (дәрет, намаз, ораза т.б.) тек өзіміздің игілігімізге, пайдамызға қарай берілген екен.
Басты байлығымыз– денсаулы­ғы­мыз.
Осы орайда:
Адам деген пенде екен,
Мүсәпір болу демде екен.
Қайран кеткен денсаулық,
Барлық бақыт сенде екен, – деген сынды шумақ нақылдарды ертеректе әдеби өлеңдерден де естігенім есімде қалыпты.
Хасан Басри айтады: «Егер саған намазың арзымас нәрсеге айналған бол­са, онда сен үшін одан артық не қадірлі бола алады? Намазың қаншалықты құнды, дұрыс болатын болса, өмірің де солай дұрыс болады. Намаз біз­дерді Алланың азабынан құтқарушы амал».
«Еріншектің ертеңі бітпес» де­гендей, күнде ертең бастаймын деуіміз арқылы қаншама күндеріміз артта қалуда.Кешегі күнгі оқыған намазыңыз, бүгінгі күніңізбен оқыған намаздан жақсырақ. Намазымды кешіктірдім деген сөз, тір­шіліктегі барлық жұмысымызды кешіктірдім деген сөз.
Әңгімемізді түйіндей келе айтары­мыз, Ардақты Пайғамбарымыз с.ғ.с.: «Намаз – көзімнің қарашығы» (Ахмед, Насаи, Байһақи) деген екен.
Бұқар жыраудың «Бесінші тілек тілеңіз, Бес уақытта бес намаз, Біреуі қаза қалмасқа» – деген жыр жолдарынан ата-бабамыздың намазына қаншалықты берік болғанын байқаймыз.
Күнәларым төгілсін десе­ңіз, намазы­ңызға тиянақты болы­ңыз. Алланың мейірімі кең.

Үмбет Сабырханов,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы.

Поделиться ссылкой: