Өмірден кім өткенін білесіз бе?

107 Views

Қарт жырау, ауданымыздың абыз ақыны әрі күйшісі Төребек Әбдікерімұлы 2022 жылдың қазан айының 10-шы жұлдызында 85 жасқа толып еді. Міне, содан бері де арада сырғып екі жыл өте шығыпты. Төкең… Көкірегі күйге толы шымыр елі­нің шайыры қолынан домбырасы мен балғасын тастамай-ақ, дәл осы қалпында бақилыққа аттанды. Бақыл бол! Көке, бақыл бол! Қазыналы қариямыз еді…
Төребек Әбдікерімұлын «Шы­мыр­дың шын жорғасы» дер едім. Жасы тоқ­санды алқымдаса да қолынан дом­бырасы, аузынан шайырлығы түспеген нағыз дарын иесі. Төкеңді көптен біле­мін. Әкесі Әбдікерім қыран құс бап­тап, саят құрған әрі ағаштан түйін түй­ген ұста екен. Осы қасиеттері Төребек пен Жорабек сынды екі ұлына қа­тар дарыған ғой. Қашан, қай кезде бар­саң Төкеңнің қолынан шапқысы мен балғасы түспейтін. Қолы қалт еткен­де қос ішекті домбырасын алып, күй шер­теді. Сонда Төкеңнің көкірегі тола күй ме деп қаласың. Өзінің жан сарайы­нан шыққан он шақты күйін ұлы Қар­шыға да тартып, дүйім жұрттың құлақ құрышын қандырып, жүргеніне дән риза боласың. Сонау, ілгеріректе ағайын­ды Әбдікерімовтердің авторлық кешін де ұйымдастырдым. Сонда Төкеңнің айтыскерлігі де бар екенін байқағанмын.
Шау тартып, жасы 85-ке келсе де Төре­бек ақын өзінің жыр қазынасын жал­пақ жұртқа жария ете алмай жүр­генін жасырмай айтып, «Тым болмаса бір кітабым жарық көрсе ғой» деп ар­ман­дайтын. Сол арманын «Шәушен» атты толғауында:
Оң қабағым тартсашы, оң қабағым,
Оң көз тартса әманда жол болады.
Шағын ғана өлеңім жарық көрсе,
Жақсылықтың нышаны сол болады, – деп жырлайтын. Иә, қарт жыраудың мұңын түсінуге болады. Мен Төкеңнің шайырлығын Ақжол, Әбдіәкім, Қазыбай ақындардан кем көрмеймін. Қайта шайырдың шымыр жаңғақтай өлеңдерін оқып отырып, оған бүгінгі күннің нағыз реализмін, табиғаты тұнық шынайылығын байқаймын. Ақын:
Өлгем жоқ, тірілердің санындамын,
Көшеді көкжиектен сағым жалын.
Жасымда бай болуды көксемеппін,
Құланды қуды дейсің өкшелеп кім?
Күй шертіп, өлең жазып аңқылдаған,
Туғаннан түбі тесік қу шелекпін, –дей келіп, өзінің қолының қысқалығын да жасырмайды. Осы уақытқа дейін он күй шығарып, төрт ән жазыпты. Оған мен жыраудың «Есім би» атты шежіре-дастан мен онсан толғауын тағы қосар едім. Біз жаңатұрмыстық шайыр Қуандық Шолақты: «Табиғат тамыр­шысы» деп жүрміз ғой. Ал, Төкеңді ой­ланбай-ақ, сол лектегі шайырлар шоғырына қосқан болар едім. Оның табиғат туралы лирикалары тереңнен толғап жазған шер мен шоққа толы өлеңдері кімді де болса тебірентпей қоймайды.
Иә, Төребек ақынның атақ-даңқы ат төбеліндей алған сыйлықтары жоқтың қасы. Егер оның творчествосына көз жүгіртсек, әлі де баспа бетін көрмей жат­қан түйдек-түйдек төрт томдық қолжазбасын ақтарып оқысақ оның шын шайыр екеніне шек келтірмейсің. Ақын, күйші, сазгердің тырнақ алды туын­дысы оның жүрегін жарып шық­қан жауһар жырларының қанат қақты қар­­лығаштары екенінде дау жоқ. Төребек Әбдікерімұлы Руми, Шамси сын­ды шығыс шайырларының «жарық жұл­дызы» болмаса да, тарихымызға ке­ліп қосылған тың тұлға, рухы биік қазы­насы мол қартымыз.
Иә, шайырдың табиғаты тым бөлек. Ол «шыр» етіп, дүниеге келгелі «Сирек тас» пен «Алатау» шыңынан көз алмай келеді. Аса дарындылық та адамға Алланың қалауымен келетін сияқты. Төкеңнің қолынан шапқысы мен тас­пиғы ешқашан түсіп көрген емес. Иманы түзу қарияны ауыл-аймақ, қала берді аудан халқы сыйлап, құрметтейді. Ол өзі сиқым еліне қарындасын беріп, алты Алашқа аты танымал атақты Есімби туралы толғау (дастан) жазды. Өмірден аққан жұлдыздай болып өте шыққан Қазақстанның еңбек ері Сайрамбай Дөненбаевтың туған ағасы Қалида оның күйеубаласы.
Иә, шайырдың бойына біткен кішіпейілділік пен қарапайымдылық, ауылдастарына, тегі адамдарға де­ген туа біткен адамгершілігі мен сүйіс­пен­шілігі оны үнемі төрге шығарып келеді. Ақсақалды абызды Ақыртөбе, Өрнек өңірінің үлкен-кішісі пір тұтады. Осы шырайлы жүзінен нұры төгілген жанды көрген сайын Қордайдың «Қоңыр құлжасы» Кенен атамды, шы­мырдың «Шын жорғасы» Шыныбек датқаны көргендей болушы едім. Егер Төкеңнен бата сұрай қалсаң, ойлан­бастан қолын жайып батасын беретін. Әбжапар ауылының азаматтары қандай бақытты десеңіз, бұрынғы «Қызылту» қазіргі Әбжапар ауылында Шымыр балалары тұрады. Шап-шағын ауыл болғанымен, атағы алысқа кеткен. Мұнда жазушы Әбжапар Жылқышиев, әнші Гүлмира мен бапкер Нұрлан Ақүрпековтер дүниеге келген. Ауыл жұртының қарапайымдылығы сол емес пе, олардың ешқайсысы: «Мен пәленшемін» деп көкірегін соқпайды. Төребек Әбдікерімұлы да оның туған бауыры ақын Жорабек те сондай текті атаның ұрпақтары. Төкеңнің кіндігінен өрбіген бес ұл мен екі қыздың, олардың анасы Бақираның елге жаққан жағымды істері қандай жағымды десеңізші… Амал қанша…
Жасы тоқсанға қараған шағында көкірегінде күй күмбірлеген шайырдың жүре­гі мәңгілікке тоқтады, ағайын! Бірақ оның артында кейінгі ұрпақ айтып жүретін өлеңі мен тартып жүретін күйлері қалды.

Сейсен Қожеке,
журналист-ақын, Қазақстан Журна­листер Одағы
сыйлығының иегері.

Поделиться ссылкой: