Мерейлі отбасылардың мерейі артты
Өткен сейсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңінің қорытындысы бойынша марапаттау рәсімі өтті. Марапаттау рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Әлібек Мамытжанұлы және аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Қазыбайұлы қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев жеңімпаздарды құттықтап, елімізде түп-тамырын ұлттық құндылықтардан алатын отбасы институтының орны ерекше екенін айтты. Бірлікті берік ұстанған, берекені еңбектен тапқан әулеттерге құрмет көрсетті. «Әуелден отбасы құндылығына аса мән берген қазақ үшін Отан, шаңырақ – ең киелі, құдіретті ұғым. Ал отбасы – мемлекеттің іргетасы. Оның берік әрі нық болуы – елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Халқымыз қай заманда отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» – біздің қанымызға сіңген қасиет. Әрбір азаматтың адамгершілік болмысының қалыптасуына отбасындағы ахуал айрықша әсер етеді. Сондықтан мемлекет әр шаңырақтың әл-ауқатын арттырып, әр азаматтың өсіп-өркендеуі үшін барлық жағдайды жасайды», – деген болатын.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 4 қыз, 4 ұл дүниеге әкеліп, олардан 26 немере 33 шөбере сүйіп отырған Рақышевтар отбасы жүлделі ІІІ орынды иеленді. Жүлделі ІІ орынмен кәсіпкер Болатбековтер отбасы марапатталды. Және басқалардан оқ бойы оза шапқан Өмірбаевтар әулеті жүлделі І орынға ие болды.
Аудан әкімінің орынбасары Әлібек Мамытжанұлы жеңімпаз атанған отбасыларға бағалы сыйлықтар мен аудан әкімінің арнайы алғыс хатын табыстап, облыстық кезеңде де отбасы мерейі үстем болуына тілектестігін жеткізді. Конкурс барысында байқау талаптарына сәйкес, құжаттары мен еңбек нәтижелері, қоғамдық өмірдегі қол жеткен табыстары мен еңбектері сарапқа салынып, аудандық кезеңге 14 отбасының құжаттары ұсынылған болатын. Екі отбасы облыстық кезеңге жолдама алды. Шара соңы қазақы болмысын сақтап, игі дәстүрлерімізді отбасыларының қазықты құндылығына айналдыра білген мерейлі отбасыларға Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ұсынған концерттік бағдарламамен ұласты.
Гүлнұр Аманжол.