Сақ болыңыз, сел!

110 Views

ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы» филиалы облыс тұрғын­дарының назарына сел қаупі бойынша бір қатар сақтық шараларын ұсынамыз.
Сел – таулы аудандарда мұздық­тар­дың, қардың мөлшерден артық еруінен, нөсерлі жауын-шашын­дардан, жер сілкінуден, тау өзендерінің арнасынан асып тасуынан, яғни климат өзгеруінен пайда болатын табиғаттың жойқын құбылысы.
Тас аралас саз балшықтардың таудан төмен ағыла құлауымен сипатталатын, кенеттен басталып, барынша қар­қынды өтетін мейлінше залалды құбылыс. Әдетте нөсер жауындар әсерінен, кейде тау шатқалдарындағы қардың не мұздықтың жаппай еруінен туындап, шағын өзенше аңғарлары мен жылғалар бойын қуалай құлайды. Сел тасқыны құрамына қарай саз бал­шықты, тас­ты балшықты және сулы тасты сел­дер болып үш түрге бөлінеді. Сел жо­лындағы борпылдақ шөгін­ділерді ша­йып, қатты тау жыныс­тарын бұ­зып, ағаштарды түбірімен қопарып, сал­мағы ондаған тонналық үй тастарды ағы­зып әкетеді. Сел Қазақстан­ның тауларын­дағы өзен­дердің алқаптарында жылдың жылы мезгілдерінде (мамыр-қыркүйек айла­рында) жиі болып тұратын табиғат құбы­лысы.
Облыстағы сел қауіпті аймақтарда орналасқан телімдер мен нысандар төлқұжаты бойынша сел қаупін төн­діретін 18 өзен бар. Олар: Жуалы ауданында – Ақсай, Көксай өзендері, Т.Рысқұлов ауданында – Мақпал, Шөңгер, Қарақат, Қарақыстақ, Шалсу және Көкдөнен өзендері, Меркі ауданында – Аспара, Меркі, Молалы, Талдыбұлақ, Түзу сұрат, Қордай ауданында – Қарақоңыз, Қақпатас, Рғайты және Қалғұты, Талас ауданында – Тамды өзендері.
Сел қаупінің белгілері:
– сел қаупі күшті аудандарда қатты нөсердің ұзақ жаууы;
– биіктегі сел қаупі бар өзендерде ауа температурасының күрт көтерілуі, бұл морендік өзендердің суға толып, арнасын бұзып шығуын тудырады;
– өзендегі су деңгейінің күрт төмен­деуі немесе оның жоғары жағында өзен бөгеті бұзылуын көрсететін шұңқырдың пайда болуы;
– өзен бөгетінің бұзылуына алып келетін жер сілкінісі.
Сел тасқынының тікелей және жақын қаупінің белгілері:
– морендік-мұздақ кешендегі судың толғандығын айғақтайтын сел қаупі бар арнадағы ағынның тоқтауы немесе күрт бәсеңдеуі;
– биіктегі сел қаупі бар арнадан күшті гуілдің естілуі;
– сел айдаған тастың соққысынан топырақтың дірілдеуі;
– сел толқындарының
соққысынан шаңдақ бұлттың пайда болуы;
– судың қатты лайлануын сипаттай­тын сел алдындағы тасқынның пайда болуы.
Сел қаупі бар аудандарда болған кездегі қауіпсіздік шаралары:
– таудағы жағдай туралы баспасөз хабарларын ұдайы қадағалаңыз;
– сел қаупі бар биіктікте қатты нөсер жауа бастаса жылдам кетіңіз;
– сел тасқынына 50-70 метр артық жақындамаңыз;
– тік жартас пен құлама беткейдің жанына тоқтамаңыз, өйткені тасқынның соққысынан сырғыма мен опырылма түсуі мүмкін;
– сел араларымен жүрген кезде адамдардың арасындағы қашықтық кемінде 20-30 метр болуы тиіс;
– сел қаупі бар арналардың, өзен бөгеттерінің жанына демалуға тоқтамаңыз және шатырлы лагерь құрмаңыз;
– сел тасқынының белгісін сезген бойда арнадан қашығырақ кетіп, тау беткейі бойынша мүмкіндігінше жоғары көтеріліңіз;
– сел тасқыны өткеннен кейін селдік арнаға түспеңіз, өйткені ол қайталануы мүмкін;
– арнаға төмен түскенде және онымен жүрген кезде, әсіресе ой-шұңқырдан аса сақ болыңыз;
– морендік – мұздақтық кешенде және оның бойымен сел тасқыны қаупі болмайтын немесе өте сирек болатын кезеңде, ең жақсысы, ауа температурасы қалыпты кезде жүру ұсынылады;
– бейберекет жатқан үйінділерден, сондай-ақ мұздақтан немесе қар көшкінінен пайда болған кедергілері бар өзен бөгеттерінің жанынан жүрмеңіз.
Н.Кудабаев,
ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы» филиалының кезекші қызметі, мониторинг және
құлақтандыру тобының
бас инженері.

Поделиться ссылкой: