Менингоккок – жұқпалы ауру

121 Views

Менингоккокты жұқпа әртүрлі ауру белгілерімен ерекшеленетін – жұқпалы ауру. Ағымы бактерия тасы­малдаушылық, мұрын-жұтқыншақтың қабынуы (назофарингит) менингит, менингоэнцефалит, сепсис пневмония және басқа клиникалық түрлерде өтуі мүмкін.
Жұқпа – сөйлесу, түшкіру, жөтелу және айқайлау кезінде ауа арқылы жан-жаққа таралады. Аурудың 80 пайыз жағдайы балалар мен жасөспірімдер арасында кездеседі. Олардың 50 пайызы 1-5 жас аралығындағы балалар үлесіне тиеді.
Жұқпаның ерекшелігі: ауру­ды жұқтырғандардың көбісі ауру­ды еш ауырмай тасиды және тасы­мал­дау­шылардың көпшілігі – ересектер. Яғни сау ересек тасымалдаушы (ата-ана, әже, ата, күтуші және т.б) балаға ауамен жұқтырып, оның ауырып науқастануына әке­леді. Жұқпа тасымалдаушылық еш сырт белгісіз өтеді. Менингит кенеттен пайда болады. Әдетте дене қызуының жоғарылауы, бас ауру сезімі мен құсуға шағым пайда болады. Дене қызуы өте күшті қалтыраумен бірге шапшаң көтеріліп, бірнеше сағат ішінде 40-42 градусқа жетуі мүмкін. Менингит кезінде бас аурудың сезіну әсері күшті, азапты болады. Әсіресе, түнде қатты болады және қалпын ауыстырғанда, өткір дыбысқа, жарыққа күшейеді. Менингит кезінде құсу, жүрек айну кенеттен басталады. Тері сезім­талдығының күшеюі, дыбыстар, жарыққа және иістерге төзгісіздік кездеседі. Науқастардың көбі­сінде аурудың алғашқы сағат­тарында бұлшықеттердің құрысып тырысуы пайда болады. Алғашқы күндері науқастың беті, мойны, көзі қызарып, ерніне, мұрын қанаттарына, ауыз ішіне ұшық шығады.
Аурудың алдын алу үшін не істеу керек?
– жоғарғы тыныс жолдары мен көмекей бездерінің ауруына (ОРВИ, ангина, тұмаурату) шалдыққанда дер кезінде емделу керек. Себебі жұқпа осы ауруларға ұқсап өтуі мүмкін және осы ауруларға шалдыққанда бетперде киіп, сөйлесу, жөтелу, түшкіру кезінде ауыз бен мұрынды бет орамалмен жауып отыру, жеке бөлек ыдыс-аяқ арнау;
– кез келген белгілері бар науқасты оқшаулау қажет.Мүмкіндігінше жеке бөлме болу керек. Бөлмені ылғалды тазалап отыру қажет. Тікелей күн сәулесі менингоккоктарды 2-8 сағат ішінде жояды, барлық дезинфектанттарға өте сезімтал;
– кішкентай балаларды қарау үшін бала күтуші кісілерді жұмысқа алғанда ата-аналар таңдап алған бағушының денінің саулығына көз жеткізу абзал;
– ауру ошақтарында қарым-қатынаста болған кісілерге алдын алу мақсатында эритромицин ішкізеді;
– Сауд Арабиясына қажылық жасау мақсатымен кетіп бара жатқан адамдарға осы жұқпаға қарсы екпе жүргізіледі.
Аурудың алғашқы белгілері пайда болғанда дереу дәрігерге қаралу қажет. Өзіңізді және жақын­дары­ңызды аман сақтап қалыңыз.

Н.Муликова,
Жамбыл облыстық санитариялық эпидемиологиялық
бақылау департаменті басшысының орынбасары.

Поделиться ссылкой: