Пай, пай өмір, өтесің-ау бір күні…
Мына қалтарыс-бұлтарысы көп өмірде мәңгілік ештеңе жоқ. Бұл заматтан аузы дуалы шешен де, абыройы асқақ ақын да, дәулескер күйші де, оң қолынан бал тамған зергер де өткен. Яки бұл жалғанда бұралқы иттей жағаға жармасқан мына күйбең тіршілікпен адам баласына жер де, көр де мекен екенін сезбей жүрміз-ау… Қарасазда дүниеге келіп, мұқым қазақты жырына бөлеген мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев «Пай, пай өмір» өлеңінде:
– Көрмегендей, білмегендей, сен де біз,
Әй кетеміз-ау, кетеміз,
Ұрпақтарға беремізде кезекті,
Біз кетеміз, кету үшін келгенбіз, – деп тектен-текке жырламапты. Яғни өмір бар жерде өлім бар. Жалғанды жалпағынан басқан «байшыкештер» өмірде осыны ескере бермейтіні өкінішті-ақ. Өлім деген бір сәттік. Түзу жолдан сүрініп кетіп, ғазиз жалғанмен де қоштасуың бек мүмкін. «Жазмыштан озмыш» жоқ әрине.
2020 жылы «Құлан таңы» газетінің фототілшісі әрі телеоператоры болған Досбембетов Талғат Даулетиярұлы өмірден өткен еді. Сол мезетте Досбембетовтер әулеті қатты қайғырды. Әсіресе Әлия жеңгем. Қайтсін енді. Жеңгемнің «Немеремді қолыма алып, құшырлана иіскесем деуші едің. Арманыңа жете алмадың-ау Талғатым» деген жоқтау сөзі менің көкейімде әлі жаңғырып тұр. Сол мезетте жеңгемді жұбатар аузыма сөз түспеп еді…
Талғат Даулетиярұлымен 2014 жылы таныстым. Сол жылы жоғары оқу ордасын бітіріп, мамандығым бойынша аудандық газетке қызметке келген едім. Ол кезде бас редактор Тұрсынхан Жаманбаев болатын. Тұрсынхан Есімқұлұлы бізді таныстырып, «Телеоператорлықты Тахаңа, ал интервью алып, іс-шараның мәтінін жазып, облыстық телеарнаға жіберуді маған жүктеді». Несін айтасыз, жұмыстың көкесі басталды ғой сосын. Бұл өз алдына бір тақырып негізі. Бұл ой-толғауда мен оны кейінге шегеріп,Талғат ағамның балалық шағы мен студенттік жылдары, атқарған қызметі, адамгершілік болмысы жайында сөз қозғасам деймін.
1967 жыл. Жайма шуақ жаздың алғашқы айы маусымның мамыражай шуақ төгілген күнінде, дәлірек айтсақ, 16-шы маусымда Қызылорда өңіріндегі Қазалы ауылында шынашақтай сәби дүниеге келді.
– Сүйіншіге ұл туса бермегі көп,
Әзер болса астында аты қалған.
Қыз туғанда қырсықтың келгені деп,
Қырын қарап еркегі жатып алған, – деп Жайықтың кермиығы, күллі қазақтың дүлдүл ақыны Фариза Оңғарсынова жырлағандай, ұл баласына ерекше құрметпен қарайтын халықтың ұрпағымыз ғой. «Шаңыраққа ие болып қалатын, ұлдың аты ұл ғой шіркін қашан да» делінген сөз бар ән мәтінінде. Осыған балап, шақалақтың есімі Талғат деп қойылды.
«Уақыт – зымыран» деген рас. Әне-міне дегенше, балғын Талғат мектепке баратын жасқа келді. Бұл кезде Даулетияр ақсақал отбасымен бірге Қазалы жерінен шұрайлы Меркіге қоныс аударған еді. Күндер сырғып, жылдар жылжып өте берді. Осылайша Талғат Даулетиярұлы Меркі ауданы, Аспара ауылындағы Ақкөз батыр Қосанов атындағы орта мектепті бітіріп шығады.
Талғат Досбембетов мектепті тәмәмдап, шежірелі тарихы бар ақшаңқан қала Таразға аттанады. Ол заманда оқуға түсудің өзі оңай емес еді. Яғни жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілуге жақын кезі тұғын. «Есенинінді қабылдаған Мәскеу, Мұқағалиды жатырқамаған Алматы» сынды албырт Талғатқа да көне Тараз кең құшағын ашады. Талғат Даулетиярұлы осылайша Тараз қаласындағы мәдени ағарту училищесіне оқуға түседі. Жастайынан алғыр әрі өжет өскен Талғат Досбембетов оқуда да озат студенттің бірігейі болады. Көп жүйріктің ішінде сәйгүлігі болатыны іспетті жас Талғат та студенттердің озаты болып, ұстаздардың сүйікті шәкірті болады.
Студенттік сағым жылдардың соңғы курсы. Ол кездің жастары қазіргідей қала кезіп сабылмайтын. Аңсары ауылға ауып тұратын. Дипломын абыроймен қолға алып, «Ауылым – алтын бесігім» деп мерейлі Меркі жеріне келеді Тахаң.
«Елге кетем, жетті енді, елге кетем,
Есек құрлы жоқпын ба еңбек етем.
Желігімді жерлеймін де желден ескен,
Ендігі қобыз қылын елмен есем.
Екіге орап белбеуді белге бекем,
Семсер ұстап қайтпекпін сермемесем?»
Өлең деген құдіретті қараңыз. Кеңестік заманда еңбек етпеген адам жоққа тән десек жарасады. Өйткені қалыптасқан жүйе солай еді.Оқу бітірген жас маман дәл бүгінгідей «Қайда жұмысқа орналасам?» деп алаңдамайтын. Бұл пікірді Талғат ағам өзі айтқан еді. Талғат Досбембетов ең алғашқы жұмысын Меркі ауданындағы Әуез мектебінде мұғалім болып бастады. Ең алғашқы жұмысы болса да, ол өзінің дарыны мен еңбекқорлығын, табандылығын сол ұжымға көрсете білді. Сосын аудандық мәдениет бөлімінде музыкант болды. Ол жұмыста да көпшілдігімен көзге түскен.
Ал Құлан жеріне Талғат Даулетиярұлы 2000 жылы қоныс аударған. Әрине алғашында мамандық бойынша жұмыс таба алмай, көп жүреді. «Тірі болсаң, бәріне көндігесің» деп өзі айтпақшы, осы аралықта ол сан түрлі жұмыстың басын шалды. Кұрылысшы да болды, көлік те жөндеді. «Отбасыңды асырау үшін не нәрсеге болса да, тәуекел етуге барасың» деуші еді жарықтық ағам. Бұған аса мән бермеуші едім. «Мен сол баяғы әдетімше отбасымнан журналистиканы, жазуды бірінші орынға қоятынымды» айтып шыр-пыр болам. Ал ол:
– Отбасыңнан асқан байлықтың жоқ, – екенін айтады. Екеуміздің пікіріміз бір арнаға тоғыспаса да, ол «сенікі дұрыс» дей салушы еді. Қайран ағатайым-ауууууу! «Бүгіп қалып, басын қасығанды жек көретін» шыншыл інің сенің қадіріңді енді түсінгендей ағау-уу-у-уу…
Бірде Талғат ағам жұмысқа көңілсіз келді. Кабинетінде тұнжырап отыр екен. «Аға артық көрмеңіз, көңіліңізге медеу болар сөз айтайын ба?» дедім. «Ал тыңдайық» деген ғана сөз шықты ағамның аузынан.
Заманында Конфуцийден «Даналыққа жетудің неше жолы бар?» деп сұраса керек. Сонда данышпан:
– Бірінші жолы – іштен дана болып туатындар. Мен олардың қатарына жатпаймын. Екінші жолы – оқу-білім арқылы даналыққа жеткендер. Мен солардың қатарына жатамын. Үшінші жолы – мұқтаж болған кезде ғана оқитындар. Төртінші жолы – мұқтаж болса да оқымайтындар. Олар адамның ең жаманы, – деп жауап қайырыпты. «Мына тұнжыраған кескін-келбетіңізге қарап, мен сізді осының алғашқысы яғни, іштен дана болып туатындардың қатарына жатқызар едім» дедім. «Ааааа, солай ма?» деп, ағамның ажары нұрлана бастады. Бұл әсіре мақтау емес, шын ниетпен айтылған сөзім еді. Тахаң бұған әбден лайық. Неге дейсіз бе? Өйткені жасы егделеу тартса да, ол секілді компьютердің тілін меңгерген қызметкер көрген емеспін. Жасыратын несі бар, Талғат ағам секілді мен де білмеймін компьютердің тілін. Әсіресе, деректі фильмдерді қалай монтаждаушы еді, шіркін. Фантазия деген сұмдық қой. Бұл мамандықты ол оқымаған да ғой әйтпесе. «Іштен дана болып туатындар» дегенде осыны меңзеген едім. Талғат ағам бұдан кейін көңілденіп, екеуміз ұзақ уақыт бойы әңгімелескенбіз. Ақын Серік Томанов:
– Тиын санап жолына, көлеміне,
Қаламақы алмаймын өлеңіме.
Жазғандарым жүрекке жетсе болды,
Басқа маған байлықтың керегі не?, – деп жырлаған ғой. Сол айтқандай,Талғат ағам қандай қызмет істесе де, өзінің емес, өзгенің жайын ойлаушы еді. Яғни, ақшаны, атақты емес, арды ойлайтын. Ақша, атақ, мансап адамға ешқашан ақыл бермейді, керісінше ақылды қылып көрсететін әдет беретінін жете түсінбей жүр-ау сол кейбір тілімен сойқан соққыштар.Талғат Даулетиярұлы қашанда болмасын, ашуын ақылға жеңдіре білетін арлы азамат еді. Мансапты емес, адамдықты ойлағанын айттық. Қызметте қарапайымдылығы, өмірде аңғалдығы, парасаттылығы, көп ізденетіндігі, тіпті, үлкенге құрмет, кішіге ізеттілігі де әрқашан оның бойынан табылатын.
Талғат Даулетиярұлы өмірден кеткенмен, оның артында ізін жалғаушы ұрпағы бар. Ол Әлия жеңгем екеуі 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Аманжол есімді ұлы мен тұлымшағынан жетілдіріп өсірген Айсұлу қызы бүгінде әкеден алған тәрбиені тәбәрік етіп, оның ізімен жүріп келеді.
«Фотосалон ашу – менің көптен бері көздеп жүрген мақсатым еді. Алға қойған мақсатыма жету үшін маған үздіксіз еңбек етіп, кәсіпкерлік турасында білімімді жетілдіру керек болды. Мен бір жылдары «Бастау Бизнес» жобасы жайлы аудандық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлерінен консультация алып қана қоймай, оқып, нәтижесінде сертификатқа ие болдым. Кәсіп ашу – тәуекелділікті талап етеді екен. Ата-анамнан дарыған алғырлық менің ісімді алға жетелеп, тура жолға бағыттай білді десем болады. Мемлекеттің нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға берілетін 505 мың теңгелік тегін грантты ұтып алдым.Фотосалонды аштық. Алайда әкем өмірден өткен соң жасап жатқан ісіміздің де мәні кете бастады. Фотосалонды жабуға тура келді. Марат өзің де білесің, фотосалонды ашу кезінде әкем көп қол ұшын созды. «Еңбек ете білген адам ғана, көздеген мақсат-мұратына жетеді» деген әкемнің сөзінен өмірлік ой түйдім. Әкем қайтқан кезде біраз уақыт бойы өз-өзіме келе алмай жүрдім. Жанға бататыны, әкемнің тірі кезінде көп адамдар үйге келгіш еді. Қазір соның бірі де қара шаңыраққа табан тіремейді. Осы адамшылық па енді» деп ренішін білдірді Айсұлу Талғатқызы.
Иә, көзінің тірісінде Талғат ағаның қасынан адам үзілмейтін. Ол солардың үлкенін аға деп қадірлесе, ал өзінен кейінгілеріне қамқоршы аға бола білді. Өкінішке орай, Тахаңның мәйітін Аспараға апарып жерлейтін кезде соның біразы сылтау айтып, жалтарып кеткенін көз көрген. Беу, өмір-ай…
«Айнаға қарап түзелме, адамға қарап түзел» деген Шәкәрім Құдайбердіұлы. Менің өмірімде, қызметтік жолымда Талғат ағам секілді кеудемсоқтығы емес, кісілігі, кішіпейілділігі басым жаны жомарт Адамның болғаны көңілге жұбаныш сыйлайды. Талғат Даулетиярұлының ағалық қамқорын мен ешқашан жадымнан шығармаймын.
Марат Диханбай.