Бір кем дүние
Тікен басқан тіршілік
Бір әңгіме жазбақшы болып, терезенің алдындағы үстелге отырамын.
Терезе Тәңіртаудың Манас шыңына, Ақсай мен Көксай алқымына, қыбыла жақ Ақсу-Жабағылы қорығына қараған.
Қарсы алдымда – көк мұнаралы мешіт. Төңірегі соқамен жыртылған. Қопарылған топырақты ақ киімді молда кетпенмен өңдеп жүр. Бұл молданың сыбағалы жері. Азан шақырып болып, жерді баптап жүр.
Ал осы жұрт молданың айтқанын істе, істегенін істеме дейді.
Енді егер молданың дәл мына істегенін істесе, жерден жеміс терер еді. Олай емес, тиесілі жерлеріне егін екпейді. Шошқа тікен, шоңайына басып кеткен.
Ортасында бір әңгі есек қасасын шығарып, жатып ішер жалқауларға, маскүнемдерге:
— Мені есек деп қорлайсыңдар, өздерің кімсіңдер?! — деп мүлгіп тұрған сияқты.
«Елге күлкі, есекке таң» деген сөз осыдан қалған.
Бір кем дүние.
Сүмелектер
Тәңіртаудың шыңдарынан ақ жанартау атқылағандай будақ-будақ бұлт көтерілді.
Егер Шақпақтың тентек желі қуалап кетпесе, жақсылап бір жайсаң жаңбыр жаумақшы. Жер-Ана имекші.
Құдай, тілекті бере гөр дейміз. Алдыңғы күні мешіттің түбінде Құдайы тамақ берілген.
Алла қаласа, аспаннан нұр жауса, жерден алтын өніп шықпақшы.
Арақ ішіп, мас болып ұйықтап қалғандар несібесінен құр қалады.
Қураған таяқ тіксең, шынар өсіп шығатын жәннатты жерден жеміс жемей, жатжұрттық алманы, өрікті, картопты, сәбізді базардан қымбатқа сатып алады.
Жібекті түте алмаған жүн қылады.
Жерді күте алмаған сұм болады.
Бір кем дүние.
Қызғалдақсыз көктем
Тышқан жылы (2008) сәуір тәуір болмады.
Жас келіндей жасанған өрік ағаштары ақ гүлден бұтақтары көрінбей есіре гүлдеп еді, бір түнде үсік ұрып кетті (13 сәуір). Қарайып кеткен діндері қалды.
Далада жауқазын жоқ. Қызғалдақ шықпай қалды. Мұндай жағдай бұрын болмап еді-ау. Тәңіртаудың қызғалдағы дүние жүзіне даңқы шыққан. Қазір Голландия өсіріп, дүние жүзіне таратып, қымбатқа сатып жүрген гүлдің түпатасы осы Тәңіртаудың «Грейг» аталып кеткен біздің елдің қызғалдағы.
Құдай рахым етіп, мейірім төкпесе, бұл жыл жұтаң. Тасаттық беріп, құдайы тамақ үлестіріп жатқан мұсылмандар баршылық.
Итқызғалдақ (мак) көріне бастады. Итқызғалдақтың өмірі өте қысқа. Қыз дәурен сияқты өте шығады.
Көк көтерілмей қалды. Қыс қиын болар. Жұрт күні бұрын малын матап сатып жатыр. Асырай алмайды.
Бір кем дүние.
Шыңғыс шыңы
Біздің ауыл Мыңбұлақта. Оның оңтүстік-шығыс жағында, жиырма бес шақырым жерде Тәңіртаудың ең биік шыңы Манас тау асқақтап тұрады.
Бүгін Манастың аспанға шаншылған асқақ шыңын қалың қара бұлт орап алыпты.
Етегіндегі Шекер-айыл да қара жамылған.
Бұл – адамзаттың Айтматовының ауылы.
Осыдан отыз жыл бұрын Шыңғыс Айтматов елу жасқа толғанда, Алматыдан алты жазушы екі машинаға мініп, сол Шекерге барып едік: Тахауи Ахтанов, Зейнолла Қабдолов, Қалтай Мұхамеджанов, Сейдахмет Бердіқұлов, Асқар Сүлейменов және мен – Шерхан Мұртаза.
Сонда Қалтай тау жаққа қарап тұрып:
– Ана Манас шыңымен тетелес қатар жатқан еңселі шың – Шыңғыс шыңы,– деп еді.
Сол айтқаны келді-ау деймін. Шын дүниеде Шыңғыс енді Манас бабасымен табысқан шығар.
Бұл Шыңғыс бұдан шамада 900 жыл бұрын жасаған Шыңғыспен де табысар. Ол Шыңғыс жарты әлемді қылышпен жаулап алса, бұл Шыңғыс бүкіл әлемді қаламмен баурап алды.
Рухтары мәңгі сөнбейтін алыптар екі дүниеде де жарқырайды.
(11. 06. 2008).
Баға қайда барасың?
– Солярканың литрі 100 теңгенің үстіне шықты, – деп келді «Нива» айдап жүрген немерем.
– Сонда орталыққа жеткенше қанша керек?
– Ары 5 литр, бері 5 литр – 10 литр – мың теңге ғой.
– Одан да баяғыдағыдай есек мініп бармаймын ба, – деймін мен, не көрмеген басым.
Егін пісіп тұр. Енді орақ түспесе, төгіліп қалайын деп тұр. Қалың бұлт төніп-төніп келіп, әйтеуір, жел айдап кетеді. Комбайн жоқ, трактор жоқ, машина жоқ. Бәрін жалдау керек.
Шаруа байғұс кәйтіп күн көрер.
Үкімет бәрі керемет деп қояды.
Обалы кімге?!
Бір Алла біледі. Жазасын береді.
Бір кем дүние.
Жел
Бір апта болды. Шақпақтың желі азынайды да тұрады.
Жауынсыз, қызғалдақсыз көктем өтті.
Егін, қорлықпен, азаппен егілген егін, мия мен кекіре, қамыс басқан егін пісті.
Әсіресе арпа осал. Азынаған желден жығылып, масағы қиылып түсіп жатыр.
Еңбегің еш, тұзың сор.
Азынаған жел.
Түптің түбінде бәрін де жел жеңеді.
Бәрі де Мақтымқұлының өлеңіндегідей.
Тек азынаған жел ғана қалмақ.
Бірақ бәрін Алла біледі. Дүние әлемді әдемі қалпына келтіремін десе – бәрі де Алланың алақанында. Ашса да, жұмса да өзі біледі.
Адамда бәрі де бар болуы мүмкін. Әйтеуір, бірдеңе жетпей тұрады.
Бір кем дүние.
Қош, Сарыағаш, нәрлі су…
Қош, Сарыағаш, нәрлі су,
Дертім болса, шипа бол!
Өмір деген алысу,
Еркелетпес сипап ол.
Тұманбай.
Радио қайта-қайта қақсады:
– Сарыағаш суы сарқылып бара жатыр, – дейді.
Тұманбай ақын Сарыағашпен уақытша қоштасып еді-ау. Жыл құсындай айналып келем деп еді ғой.
Ал мына радио сөзі… Салқын ғой. «Табиғаттың бермесін тартып аламыз!» – деп әкіреңдеуші еді сонау Совет кезіндегі найсаптар.
Енді «жаңа байлар» – жабайы капиталистер Құдайдың күллі халыққа арнаған несібесін бас-басына жекешелендіріп алып, нәрлі суды сүліктей сорып жатса, нәрлі су таусылмағанда қайтеді?!
– Ақырзаман боларда су тартылар,
Қарап тұрған жігітке қыз артылар, – деп еді баяғыда бір ақын. Сол айтқаны келді ме?! Әулие екен ғой, жарықтық.
Әй, ұқсайды, ұқсайды.
Бір кем дүние.
(Жалғасы бар).