Өмірбаевтар отбасы жүлделі үшінші орынды иеленді
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жыл сайын өткізілетінін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Дәстүрге айналған байқау 3 кезеңнен тұрады. Алдымен аудандық, содан соң өңірлік, одан кейін республикалық кезең өтеді. Биыл аталмыш байқаудың аудандық кезеңінде Өмірбаевтар отбасы жеңімпаз деп танылып, «Мерейлі отбасының» өңірлік кезеңіне қатысуға жолдама алған еді. Жақында осы байқаудың өңірлік кезеңінің де қорытындысы белгілі болды. Іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде өңір басшысы:
– Өнегелі отбасы – кез келген мемлекеттің тірегі, ұрпақ тәрбиесінің бастау бұлағы. Отанға деген кіршіксіз махаббат пен қылаусыз құрмет үлгілі отбасыдан басталатыны ақиқат. Дәстүрге айналған ұлттық байқау еңбегімен еленген, дәстүрге деген адалдығымен дараланған шаңырақтардың мерекесіне айналғаны анық. Сан салада табысқа жеткен отбасылар осы байқауда бақ сынайды. Олардың жарасымға толы сыйластығы мен шынайы отбасылық қарым-қатынасы баршамызға үлгі – дей келіп, жеңімпаз атанған және жүлделі орын иеленген отбасыларды марапаттады.
Айта кетейік, биыл Тараз қаласы мен аудандық деңгейде топқа түскен 218 отбасының 22-сі облыстық кезеңге жолдама алған екен. Ал ауданымыздың атынан сынға түскен Өмірбаевтар отбасы жүлделі үшінші орынға ие болды. Біз өз тарапымыздан Өмірбаевтар отбасын шын жүректен құттықтаймыз. Бұл да болса, зор нәтиже.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде Таңатаровтар отбасы топ жарды. Бұл отбасының да негізгі тамыры біздің ауданнан екенін жақсы білесіздер. Енді Таңатаровтар отбасы осы байқаудың республикалық кезеңінде бақ сынайтын болады. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде сайысқа түсіп, жүлделі әрі жеңімпаз болған отбасыларға диплом мен қаржылай сертификаттар табыс етілді.
Марат Диханбай.