Ешкімге соқтықпай, тек жұмысын білетін жаттықтырушы

113 Views

Бір адамдар болады, айғайламай, бұлданбай, үнсіз жүріп-ақ көп шаруа атқарып жатады. Ондай азаматтарды мына қым-қуыт тірлікте көріп те жүрміз. Мәселен, Райымбек Смайлов атындағы орта мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімі әрі №24 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде үстел теннисінен жаттықтырушы болып еңбек ететін Нысанбаев Мұхаметжан Әбдуәліұлын біз – сол «айғайламай, бұлданбай», үнсіз жүріп-ақ көп шаруа атқарып жатқан нағыз еңбекқор азаматтардың қатарына қосар едік.
Мұхаметжан Әбдуәліұлы оооууууу жылдың басында келген редакциямызға. Сол кезде біраз әңгімелесіп, ол кісінің еселі еңбегін, адамгершілік болмысын жазбақ ниетте болғанбыз. Дегенмен, газет жұмысында кейде сондай сәттер болады. Оны кезінде біз емес, ақиқаттың алдаспаны атанған, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның өзі де: «Газет жұмысы – бір жағынан жазушының досы. Ел көресің, жер көресің. Сан түрлі адамдармен тілдесесің. Шығармаға жем табылады. Газет – бір жағынан жазушының жауы. Ойыңда жүрген, көкейіңді кернеген дүниені алаңсыз отырып жаза алмайсың. Ұдайы оттың ішінде жүресің. Түнде де тыным жоқ. Газет кеш шығады» деп айтқан. Арғы жағын түсінген боларсыздар. Сөйтіп, сол кезде «ары шапқылап, бері шапқылап жүріп» бұл мақала жазылмай қалған еді. Мінеки, аудан спортының дамуына бұл кісінің де қосқан үлесі бар екенін біліп, Спорт күні қарсаңында кейіпкеріміз туралы мақала жазуды жөн көрдік.
Мұхаметжан Әбдуәліұлының жалпы еңбек өтілі – 40 жылдан асқан. Осы жылдар аралығында талай шәкірт тәрбиеледі. Мұхаметжан Нысанбаевты №24 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде үстел теннисінен жаттықтырушы болып еңбек етеді деп жаздық қой. Мәселен, үстел теннисінен кейіпкеріміздің шәкірттері көптеген жарыстарда топ жарды. Айталық, Нұрдәулет Орынбасар, Ерасыл Нұрман, Аружан Ахан, Нұртуған Ниетқұл, Нұрасыл Еміл, Әлішер Қонысбай, Айдана Сүгірбаевалар Мұхаңның шәкірттері. Осылардың ішінде Нұрдәулет Орынбасар өз қатарластарының арасында облыстың 14 дүркін чемпионы деген атаққа ие. Ерасыл Нұрман да облыста үздіктердің қатарында. Екеуі де үстел теннисінен Жамбыл облысы командасының құрамында. Жалпы, Мұхаметжан Әбдуәліұлының шәкірттері аудандық, облыстық жарыстарда топ жарып, ел біріншіліктерінде жүлдеге ілініп жүр. Бұл дегеніңіз – адал еңбектің нәтижесі емес пе?
Адал еңбектің жемісін тегінде адамға Құдай тағаланың өзі көрсетеді. Соның бірі – бүгінгі біздің кейіпкеріміз. Мұхаңның ұлы Алмат та үстел теннисін мықты ойнайтын азаматтың бірі. Ауылды жерлерде де жақсы жаттықтырушылар бар. Мұхаметжан Нысанбаев – сол жақсы жаттықтырушылардың бірегейі. Осындай азаматтар көп болса, спорттың кез келген түрінде мықты спортшылар шығатыны анық.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: