Бірлік бар жерде тірлік алға басады

142 Views

Ел Президентінің 826 Жарлығына сәйкес, аудан әкімінің халықпен кездесуі өткен сәрсенбіде Абай ауылдық округінде өтті. Бұл кездесуге аудан әкімінің орынбасары Ерғазы Еспенов барып, жергілікті жұртшылыққа аудан аумағында атқарылып жатқан ауқымды тірліктерді баяндады.

Біз білеміз, Абай ауылдық округі республикалық «Үлгілі ауыл» байқауында жүлдегер болған ауыл. Газ бар. Келісті мектеп ғимараты да бар. Ауыз су да бар. Бір айта кетерлігі, бұл ауылдың тұрғындары ұйымшыл. Олар кез келген проблеманы ауыл әкімі бар, ақсақалдар кеңесі бар, ауыл тұрғындары, жастар бар, барлығы ақылға салып, ойласып шешеді. Бұл ауылда соңғы үш жылда ажырасу фактісі мүлде болмаған. Сондықтан болар, кездесуде аса бір проблемалық сұрақтар туындаған жоқ. Абай ауылдық округінің әкімі Мұратбек Арыстанбековке де, аудандық атқарушы биліктегі азаматтарға да абайлық тұрғындар дән риза.
Кеше дәл осындай кездесу жиыны Луговой ауылында өтті. Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің акт залында өткен жиында аудан әкімі Ернар Есіркепов аудан аумағында атқарылып жатқан баянды бастамаларды тілге тиек етті.
Луговой ауылы аудан аумағындағы халық көп шоғырланған ауылдардың бірі. Бұл ауылда да көп мәселе шешімін тапқан. Тұрғындардың басым көпшілігі көгілдір отынды тұтынып отыр. Электр жарығынан да аса бір проблема жоқ білуімізше. Иә, рас, ауыз судан мәселе бар. Дегенмен, бұл мәселе бойынша жауапты мекеме қызметкерлері өз жұмыстарын атқаруда.
Жиында луговойлық тұрғындар «Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе?» деген ұсынысын жеткізді. Аудан басшысы бұл мәселе алдағы жылдардың еншісінде жоспарда тұрғанын айтты.
Кездесу соңында аудан әкімі Ернар Есіркепов бірқатар Луговой ауылының тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады. Олардың басым көпшілігі баспана мәселесі бойынша қайырылды. Кейбірінікі сол арада шешімін тауып та жатты. Тұрғындардың өтініш-тілектерін мұқият тыңдаған аудан басшысы барлығына да нақты әрі дәйекті мысалдармен жауап берді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: