«Аққуым» қысқаметражды киносы көрермендерге көрсетілді

113 Views

Бір адамдар болады, көп сөйлейді, бірақ бітірген түгі жоқ. Кейбір адамдар болады, азды-көпті шаруа атқарса, соған масаттанып, дандайсып шыға келеді. Ондайлардың кәсіби тұрғыдан өз жұмысын жетік білмесе де, бойындағы «менмін» деген қуыс кеуделігі білініп тұрады. Кейбіреулер көп сөйлемейді, бірақ бірге ас ішіп, ойнап-күліп жүрген ұжымын «ұрыстырып» жүреді. Құдай сондайдан сақтасын! Ал енді бір адамдар болады, көп сөйлемейді, сөйлесе дөп сөйлейді. «Анау бүйтіпті, түгенше сүйтіпті» деген өсек сөздерден ада, не істесе де өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, яғни бар ойы тек жұмыста. Ондайлар аз әрине. Сол аздың қатарына «Құлан медиа ақпараттық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Нұрлан Жорабекті қосар едік.

Қазақ прозасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлының «Аузымызға алалық түсірмесек, ісімізге шалалық түсірмейміз» деген сөзі бар. Бойында арамдығы емес, адалдығы басым, жаны ізгілікке, жады идеяға, болмысы кішілікке толы Нұрлан Жорабек дәл осы өлшеммен жұмыс істейтін азамат. Сондықтан оны әріптестері де, айналасындағы аралас-құралас достары да сыйлайды, құрметтейді.
Кез кезген жұмыста қызметкерге еркіндік берген жөн. Әріптестерді кейде тыңдаған да дұрыс. Бізде қалай? Бізде басшылардың көбісі өзімбілемдікке салады ғой. Әрине ол дұрыс емес. Әсіресе шығармашылық адамдарын бір шеңберге қысып ұстаудың қажеті жоқ. Олар ондайға көнбейді де. «Құлан медиа ақпараттық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Жәнібек Базылбеков оны жақсы біледі. Өйткені өзі де газетте жұмыс істеп, әбден журналистиканың қыр-сырын жетік меңгерген азамат. Нұрлан Жорабек алғаш «Аққуым» қысқаметражды киносын түсіру жөніндегі алғашқы идеяны Жәнібек Базылбековке айтқанда, мекеме директоры бірден бұл ұсынысты қолдаған екен. Енді кино түсірудің өз қиындығы бар. Сценарий жазылу керек. Оған түсетін актерлар таңдалу керек дегендей. Бұл кинода ол шаруаның бәрі ойдағыдай жүзеге асты. Бірден айтайық, «Аққуым» қысқаметражды киносына кәсіби актерлар емес,басым көпшілігі қарапайым еңбек адамдары түсті. Көрерменге кино сонысымен де қызық.
«Аққуым» атты қыс­қаметражды киноның өткен сейсенібде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде премьерасы өтіп, кино лед-экраннан көрермендерге көрсетілді. Біз де бардық. Кинода қарапайым ауыл тіршілігі суреттеледі. Киноның басты кейіпкері Ажар ауылға келіп, медпунктке жұмысқа орналасады. Ауылда жасөспірімдерді боксқа баулып жүрген Сырым есімді жас жігіттің бала кезден бірге өскен Ажарға деген көңілі ауады. Сырымға ауылдағы Лаура деген қыздың көңілі бар. Былай қарасаң, ауылдағы қарабайыр тіршілік болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, түсіне білгенге, бойдақтық, достар арасындағы түсіністік, үлкенді сыйлау, шынайы махаббат «Аққуым» кысқаметражды киносында көрініс тапқан.Содан кейін тағы бір айта кетерлігі, кинода жерлесіміз Досымжан Таңатаровтың репертуарындағы есті әндер сәтті қолданылған.
Аталмыш қысқаметражды киноның премьерасында «Құлан медиа ақпараттық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Жәнібек Базылбеков сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Нұрлан Жорабектің іскерлік қасиетін, оның бойындағы сан қилы жақсы қасиеттерді тілге тиек етіп, бұл киноға ешқандай да қаражат жұмсалмағанын, барлығы да жұмысқа деген адалдықтың, шынайы кәсібиліктің жемісі екенін айтып,киноға түскен барлық азаматтар мен азаматшаларға Алғыс хат табыс етті. Ал, Нұрлан Жорабектің иығына «Құлан медиа ақпараттық орталығы »КММ-нің ұжымы атынан қазақы оюмен әдіптелген шапан жапты. Аудандық мәслихаттың депутаты Талғат Тәттіқожаев та жүрекжарды лебізін білдіріп, сый-сыяпатын жасады. «Аққуым» қысқаметражды киносы залға жиналған көрермендерге де ұнағаны анық. Өйткені премьера соңында киноға түскен азаматтар мен азаматшаларға деген олардың ілтипат-қошеметі соны ұқтырып тұрды.
Фильмге түскендер:
Сырым – Нұрболат Аманжол
Ажар – Айкен Асан
Али – Али Шұлғаубай
Лаура – Мөлдір Тастанбек
Мура – Жанкелді Байкей
Тоха – Тұрсын Мыржақыпов
Айсұлу – Хадиа Тұрысбек
Қарақат – Ақбота Ақылбек
Апа – Есенкүл Мұхтарқызы
Әсемкүл Тәттіқожаева
Назым Махамбетова
Талғат Тәттіхожаев
Жәнібек Базылбеков
Гүлзия Ерімбетова
Мира Абишева
Олжас Садық.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: