Тәрбиенің өзегі – балабақшадан басталады

71 Views

«Театр – киімілгіштен басталады» деген сөз бар. Сол секілді бала тәрбиелеу ісінің алғышарты да балабақшадан басталатыны сөзсіз. Осы ұғымды мақсат еткен аудандық аналар кеңесі республикалық «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының аясында ілкімді бір бастаманы қолға алған болатын.

Яғни аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Алагөзова бастаған осы кеңеске мүше өзге де ақ жаулықты аналар аудан аумағындағы балабақша тәрбиешілерінің бала тәрбиелеу ісіндегі жұмыстарына назар аударып, олқы түсіп жатқан тұсы болса, оларға методикалық кеңес беру мақсатында игі іс-шаралар өткізіп жүр.
Өткен жұмада дәл осындай игі шараның бірі «М.Мирас» бөбекжай-бақшасында өтті. Жәмиля Ерікбайқызы басшылық ететін «М.Мирас» бөбекжай-бақшасының тәрбиешілері аталмыш іс-шараға жақсы дайындалыпты. «Тәрбие – тал бесіктен» деген тақырыпта өткен іс-шараға аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Мырзабек Маңғұтов, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Алагөзова, аудандық аналар кеңесінің мүшелері Есенкүл Мұхтарқызы, Ұлту Жайлышева, Бақыт Мырзалиева және Алтынкүл Адилова қатысып, бүлдіршіндердің өнерін тамашалады.
«М.Мирас» бөбекжай-бақшасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған. Қазір бұл бөбекжай-бақшада 6 топта 150 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Аталмыш бөбекжай-бақшаның материалдық — техникалық базасы керемет. Бүлдіршіндерге барлық жағдай жасалған. Тіпті, бұл бөбекжай-бақшада «Балалар мобильді кітапханасы» да бар екен. Ондағы басты мақсат – бүлдіршіндерге қиял ғажайып және халық ертегілерін әуел бастан үйретіп, олардың санасына ұлттық тәрбиенің өзегін дарыту.
«Тәрбие – тал бесіктен» деген тақырыпта өткен іс-шараны өткізуге «М.Мирас» бөбекжай-бақшасының тәрбиешілері тыңғылықты дайындалған екен. Бүлдіршіндер мәнерлеп жатқа өлең де оқыды, ән де айтты, би де биледі. Тіпті, бүлдіршіндер арасында арқан тартыс ойыны ұйымдастырылды. Тәрбиешілердің өздері де халық әні «Беу-айдайды» орындады. Шара соңында келген қонақтар өздерінің пікірлерін білдіріп, осындай шараға «Ата-аналар көптеп қатысса…» деген ұсыныстарын жеткізді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: