Бастысы – бірлік, қалғаны – шешілетін тірлік
Өткен сәрсенбіде ел Президентінің №826 Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Ернар Есіркепов Көгершін ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Ауылдық мәдениет үйінде өткен кездесудің форматы өзгеше болды. Яғни бұның алдындағы кездесулерде аудан әкімі Ернар Есіркепов аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндайтын. Осы жолы олай болған жоқ. Алдымен Көгершін ауылдық округінің әкімі Ернар Бағылбеков ауылдық округте жасалып жатқан жүйелі тірліктерді айтып берді. Былай қарасаңыз, Көгершін ауылында көп мәселенің түйіні шешілген. Газ бар, жаңа мәдениет үйі салынды, жаңа спорт кешені де салынды. Рас, сапалы ауыз судан мәселе жоқ емес, бар. Бірақ соның да шешілу жолдарының реті қарастырылып жатқан көрінеді.
Жыл сайын ауылішілік көшелерге де асфальт төселініп жатыр. Көше жарықшамдары да орнатылуда. Биыл Тұрар Рысқұлов көшесінің жарықшамдары тұтастай ауыстырылады екен.
Ауылдық округ әкімінің баяндамасынан кейін аудан басшысы Ернар Серікәліұлы жалпы аудан бойынша атқарып жатқан ауқымды жұмыстарды тілге тиек етті. Көгершіндіктер аудан басшысының іскерлігіне риза екендіктерін жеткізді. Дегенмен, ауыл имамы Қайрат Ерметов ауылдағы бейіттің қоршауы ескіргенін айтты. Аудан басшысы бұл сұраққа нақты жауабын беріп, келесі жылы бұл мәселе түбегейлі шешімін табатынын жеткізді. Содан кейін аудан басшысы ауыл тұрғынының ұсынысы бойынша Көгершін ауылындағы Абылайхан көшесіне көгілдір отын, электр желілерін тарту жөнінде тиісті бөлімдермен зерделеу жүргізіп, сол мәселелердің шешілу жолдарын қарастырды.
Кеше дәл осындай кездесу жиыны Көкдөнен ауылында өтті. Кездесуге тек Көкдөнен ауылынан ғана емес, Жақсылық ауылынан да тұрғындар келіп қатысты.
Бұл кездесуде де алдымен Көкдөнен ауылдық округінің әкімі Төлеген Атабаевтың баяндамасы тыңдалды. Жасыратыны жоқ, Көкдөнен ауылдық округі де көп мәселенің түйіні шешілген округтердің бірі. Ауылдық округте 14 көше бар екен. Соның бәрі тұтастай асфальтталған. Жалпы, биыл Көкдөнен ауылдық округіне 161,4 млн. теңге бөлінген. Кездесуде Жақсылық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Тұрманбетов пен Көкдөнен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрбоз Ағыбаев сөз сөйлеп, өздерінің ұсыныстарын айтты. Олар сөз еткен ұсыныстарда спорт кешені, мектептерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, көше жарық-шамдарын ауыстыру секілді мәселелер бар. Бұл мәселелер бойынша да аудан әкімі Ернар Есіркепов нақты жауаптар беріп, айтылған ұсыныстардың барлығы да бақылауда екенін жеткізді.
Марат Диханбай.