Кәсіподақ ұйымы – еңбек адамының қорғаны

90 Views

Адам өміріндегі ең маңызды нәрсе – оның еткен еңбегі. Жұмыс істеп, тынбай еңбек етудің нәтижесінде ғана даму болады. Бұл тіршіліктің заңдылығы екені анық. Қоғамның дамуы азаматтарының өзіне артылған міндеттеріне жауапкершілікпен қарау, еңбегін адал атқаруына байланысты. Ал еңбегін адал атқаратын адам қашанда қадірлі болуы керек. Бірақ жанталасқан нарықтық заманда, қым-қуыт тіршілікте неше алуан жағдайлар болып жататыны жасырын емес. Қоғам дамып, адам санасы жетілген қазіргі уақытта да келеңсіз жайттар жиі кездесіп, жұмыс беруші мен жұмысшының арасында түйіні түрпідей, күрмеуі күрделі мәселелер туындап отырады. Бұл адамзаттың даму жолында бірге ілесіп келе жатқан, заманның ыңғайына қарай сан құбылып өзгеріп отыратын күрделі құбылыс. Кез келген адамның көкейіне осы ретте «мемлекетімізде азаматтардың құқығы заңмен қорғалатыны айдан анық емес пе?» деген ой бірден оралатыны анық. Әлбетте, азаматтардың құқығының қорғалуы заң жүзінде бекітілген. Ондай түйткілдермен тікелей айналысатын Кәсіподақтар федерациясы, кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейді. Кәсіподақ ұйымдарының құрылу тарихы да тым тереңде жатқанымен қазірге дейін бұл ұйымның барын білсе де немен айналысатынына мән бере бермейтін адамдар да баршылық. Бұндай жағдайларды күнделікте өмірде жиі кездестіріп жүрміз десек, артық айтқандық болмас. Сондықтан бүгінгі мақаламда «Кәсіподақ дегеніміз не және ол не үшін қажет?» деген сауалға тоқталып өткім келеді.
Кәсіподақ ұйымы – бұл жалпы мүдделері бар кәсіпорын қызметкерлерінің бірлестігі. Бұл бірлестік ерікті негізде оның барлық мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында құрылған. Түсінікті болу үшін мысал ретінде кейбір жайттарды айта кетсем. Кей жағдайда жұмысшылар жұмыс берушінің әділетсіздігіне, тіпті заңсыз әрекеттеріне тап болатын оқиғалар да кездесіп жатады. Ал жеке адам бұндай әділетсіздікке қарсы қандай да бір шара қолдана алмайды. Керісінше, жұмыс берушінің айыппұл салуға, жұмыстан шығаруға немесе қызметкерлерге әсер етудің басқа шараларын қолдануға барлық құқығы бар. Әрине, әр түрлі мемлекеттік органдар арқылы олардың мүдделерін қорғаудың тетіктері бар, бірақ бұл үшін заңнаманы жақсы білу қажет. Міне, осындай келеңсіз жайттарды еңбек қатынастарында көптеген мәселе бар екендігін ескерсек, кәсіподақтардың рөлі күннен-күнге арта түсуде. Кәсіподақтар белгілі бір ұйымның еңбек ұжымының өкілдерінен оның мүшелерінің мүдделерін қорғау үшін құрылады. Егер жұмыс беруші қарапайым жұмысшыға қарсы қандай-да бір заңсыз шаралар қабылдауға тырысуы мүмкін болса, ал кәсіподақ мүшесімен ондай тәуекелге барғысы келмейді. Кәсіподақ мүшелері өз құқықтарын қорғауға және жаңартуға, жұмыс берушімен түрлі мәселелер мен дауларды шешуге сене алады.
Елімізде әлі күнге дейін бұл ұйымдарды тиімсіз деп ойлатын адамдардың бары да жасырын емес. Олар жұмыс берушімен қатынастарда өз мүдделерін белсенді қорғай алмай қалатыны да сондықтан. Бірақ та шынайы түрде қарайтын болсақ, әділ шешімдерге қол жеткізетін кәсіподақ ұйымдарының табысты жұмысының көптеген мысалдарын атап өтуге болады. Жұмысшы құқын қорғауға кәсіподақ ұйымдары араласқан жағдайда жұмыс берушілер еңбек заңнамасының нормаларын ескеріп, заңды бұзбауға тырысатыны да шындық. Міне, сондықтан еңбек нарығында кәсіподақ ұйымдарының рөлі айтарлықтай маңызды. Кәсіподақ ұйымы еңбек қатынастарында жұмысшы немесе қызметкер құқығын қорғаудың басты кепілі десек, артық айтқандық болмас. Осы орайда, 2023 жылы Т. Рысқұлов ауданы, Құлан ауылында 300 орынды жаңа мектеп ашылып, сол мектепте кәсіподақ ұйымының облыстық форумы өтті. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, форумға «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Сәбенұлы Мағзымбеков те қатысып, жаңа мектепке құр келмей, музыкалық аппарат сыйға тартты. Бұл төраға тарапынан педагогтерге жасалған құрмет деп ойлаймын. Сондай-ақ, Тұрар Рысқұлов ауданының «Білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баймұратова Айнұр Манатбекқызының да еңбегін атап өтпеске болмас. Ең алғаш мектепте бірлестік жетекші болып, ол жұмысымызға ешқандай ақы алмай жүрген кезімізде Айнұр Манатбекқызының араласуымен үстеме ақы алатын болғанымыз, 2020 жылы елімізде КОВИД-ке қарсы пандемия кезінде педагогтерді бірлікке шақырып, мұғалімдерді ұйымдастыра отырып бетперде тігіп, халыққа таратулары да өзінің жұмысына деген жауапкершілігі, қамқорлығы деп түсінемін. Облысымызда кәсіподақ мүшелерінің білімін жетілдіру мен демалысын ұйымдастыру жұмысы да жақсы жолға қойылған. Атап айтар болсам, оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен семинар өткізіліп, білім саласының сала қызметкері оқумен қамтылып жүргендігі, сондай-ақ, соңғы 5 жылда 23 251 сала қызметкері мен 1276 баланың демалысын ұйымдастыруға кәсіподақ бюджетінен 586,1 миллион теңге жұмсалғандығы туралы ақпаратты да Ерұлан Сәбенұлының баяндамасынан естіген болатынбыз. Дәстүрлі түрде шипажайларға жолдамалар беріліп, «Астана-Бурабай», «Киелі Түркістан», «Көне Тараз» тарихи- танымдық саяхаттар мен туристік маршруттар, Ыстықкөл мен Алакөл жағалауында ұжымдық демалыстар ұйымдастырылып, әріптестеріміздің еңбек демалыстарын тиімді өткізіп жүргендерінде көріп жүргеніміз анық. Сондай-ақ, жыл сайын білім басқармасымен бірге жаңа оқу жылының басталуы мен Ұстаздар күні кәсіби мерекесінде «Үздік инновациялық мектеп», «Үздік қала мектебі», «Үздік шағын жинақталған мектеп», «Үздік ауыл мектебі», «Үздік колледж» аталым жеңімпаздары мен бірқатар озық ойлы озат ұстаздарды ынталандыруға кәсіподақ тарыпынан ынталандыру сыйақысы табысталып жүр. Мұның барлығы да мұғалімге деген шынайы құрмет, шынайы қамқорлық, оның жанкешті еңбегіне деген лайықты бағалау деп білемін. Себебі ұстазын лайықты құрметтеген қоғам ғана қарыштап ілгері жылжитыны ақиқат. Ерұлан Сәбенұлы, Айнұр Манатбекқызы сынды кәсіподақ көшбасшылары барда талай түйткілді мәселелер оң шешімін тауып, педагогтердің өз мамандығына деген сүйіспеншілігі одан ары артары сөзсіз.
Міне, биыл қазақстандық салалық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының құрылғанына 100 жыл толып отыр. Қарап отырсам, әлем бойынша кәсіподақтар қызметінің бір ғасырдан астам тарихы бар екен. Елімізде кәсіподақ ұйымдарының тұтас негізі қалыптасқан. Бұл кезеңде олар өздерінің тиімділігі мен қажеттілігін бірнеше рет дәлелдеді, өйткені кәсіподақ қызметі жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы қатынастарды реттеуге, оларды өзара тиімді және нәтижелі етуге мүмкіндік береді. Жоғарыда мен айтқан мәселелер тек бір ғана бөлшегі, ал білмейтініміз қаншама. Сондықтан кәсіподаққа кіру арқылы әр қызметкер өзінің құқықтарын қорғауға, еңбек жағдайларына, әлеуметтік және материалдық қамсыздандыруға байланысты барлық өзгерістер туралы үнемі ақпарат алуға, сондай-ақ, заңды тұрғыдан сауатты, еңбек қызметіне қатысты кез келген мәселелерді шешуге сене алады деп ойлаймын. Сөз соңында кәсіподақ мүшелерін айтулы мерекелерімен құттықтап, жұмыстарына толағай табыс тілеймін!

Гауһартас Тасқанбаева,
№6 мектеп-гимназиясы директорының оқу
ісі жөніндегі
орынбасары.

Поделиться ссылкой: