Өз өлкеңді танисың ба?
49 Views«Өзгені тану үшін алдымен өзіңді тани біл» деген жалпы адамзаттық қағида ең алдымен туған өлкенің тарихына үңілуді талап етеді. Осы орайда, жақында аудан орталығындағы…
«Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер-білімінде» депті ұлы ақын Абай Құнанбаев. Ал, адам бойындағы бағалауға лайықты қасиет деп орыс ойшылы Ф.Достоевский мінез, жүрек, мейірімділік, таза ойды айтқан екен. Осы қасиеттердің барлығы да Мұратжанның бойынан табылады деп ойлаймын. Өйткені оның аузын ашсаң жүрегі көрініп тұрады. Оны мен адамгершілігі мол адамдар санатына жатқызамын. Ол өзін өзгелерден жоғары санамайды, үлкенмен де, кішімен де қарым-қатынасы өте жақсы. Иә, адамгершіліктің өзі осы жоғарыда айтылған жақсы қасиеттердің жиынтығынан тұрмай ма? Көзі тірісінде Қыстақ Дәулетов көкем Мұратжанның осы жақсы қасиеттерін маған жиі айтатұғын. Жай айтып қана қоймай: «Сендер, журналистер осындай азаматтарды газетке көбірек жазсаңдаршы…» деуші еді шын ойын жасырмай.
Қайырымдылық та осындай кішіпейілділік пен кісіліктен басталады екен-ау. Ол жұрттың бәрін бірдей тең дәрежелі көреді. Жаны жомарт, үнемі адамдарға тек жақсылық жасауды ғана ойлайтын, қиын-қыстау сәттерде қолұшын созып, көмегін аямайтын адамның ғана өне бойында осындай асыл қасиеттер болады. Иә, ол өмірде өте қарапайым, мінезі ашық, байсалды да көпшіл, сабырлы әрі рухани дүниесі адамгершілік пен қайырымдылыққа бай абзал жан. «Мен оның өз ісіне ынталы, адамдармен тез табысып, жедел жуысып кететін қасиетіне тәнтімін» дейтін ұстазы Алтынкүл Оразқызы.
Түптің түбінде адам бойындағы осынау асыл қасиеттердің болуы оның адамдарға деген ықылас-ниетін арттыра түседі. Арлы, сыйлы азаматтар осындай адамгершілігі мол қарапайым жандардан шығады. Мұратжан Мейманхановтың бүкіл саналы ғұмыры кейінгі кезде біз өзіміз жиі айтып жүрген Қарақыстақ яғни Каменка ауылында өтті. Ол өзіне білікті педагог, осы мектепте директор болған Сырғатай Махамбетовты пір тұтатын. Рая, Түймекүл апайлары да әлі есінде. Өйткені осы екі ұстазы оны үлкен өмірге әкеліп қосты, білім нәрімен сусындатты. Мұратжан ұстаздық жолын да осы өзі туып өскен ауылдағы мектептен бастады. Міне, содан бері де талай су ақты. Мектепке қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының есімі берілген кезде ол өзіне дейін оқу орнын басқарған Марат Бөрібаев, Мұрат Арыстанбековтерді жиі-жиі есіне алып отыратын. 1992 жылы болған зілзаладан зардап шеккен мектепті қайтадан қалпына келтіруге Мақсат Исабаев, Гүлнұр Әділова, Маржан Есімова, Мейрамхан Жаманбаев сияқты білікті ұстаздарды қажырлы еңбекке баулып, ұйымшыл да ұлағаты мол ұжым құрғанын осы Қарақыстақ өңірінің жұрты жақсы біледі. Ол осы білім ордасын 23 жыл басқарды. Мектепті аудан мектептері арасындағы рейтингісі жоғары мектептер санатына қосып, облыс, тіпті республикаға танымал етті. 2015-2016 оқу жылында Мұратжан Мейманханов басқарып отырған білім ордасы облыс бойынша «Инновациялық режимдегі» үздік мекептер қатарына қосылды. ҰБТ нәтижесі бойынша да алдыңғы қатарға шықты. Сол жылы болуы керек, М.Мейманханов ІІ Республикалық «Үздік мектеп директоры» байқауының жеңімпазы атанып, Қазақстан педагогика ғылымдары Академиясының мүшелігіне қабылданды.Осы қажымай-талмай еткен еңбегінің нәтижесінде оған «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі берілді.
Осы жылдар Мұратжанды есейтті. Ол өзінің әріптестеріне ғана емес, бүкіл ауданға, облысқа танымал педагог әрі ағарту саласының айтулы маманы, басшысы бола білді. Ол қоғамдық тапсырмалардан да ешқашан тыс қалған емес. 2006 жылдан бергі уақытта мектеп бастауыш партия ұйымына жетекшілік етті. №347-ші Каменка сайлау учаскесінің тұрақты төрағасы болып сайлауға қатысты. Иә, ол көппен жүргенді, көпшіл болғанды жанына серік еткен азамат. Мұратжан Мейманханов 2010 жылдан бері аудандық білім бөлімінің алқа мүшесі және директорлар кеңесінің мүшесі, аудандық мәслихаттың екі шақырылуының депутаты, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолынан екі мәрте Алғыс Хат алған, Тұрар Рысқұлов ауданының 85 жылдығы медалімен, ҚР оқу-ағарту және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының «Әлеуметтік әріптестікті қамтуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Оның омырауындағы «Тәуелсіздікке – 20 жыл» медалі сол қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуының жемісі болса керек.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген қанатты сөз осынау таудай талабы, талмас қанаты бар ұстаз деген атқа лайық атпал азаматқа арнайы айтылған ба дерсің. Оның жан жары Сәулекүл де отыз жылдан бері осы мектепте мұғалім. Жоғары санаттағы физика пәнінің мұғалімі. Шаңыраққа шаттық ұялатқан үш ұлдың үлкені – Шыңғыс. Ол Мәскеудегі жоғарғы академияны бітірген әскери қызметкер. Ортаншы ұлы Нұржан дәрігер. Ал, отбасының кенжесі Ержан жаратылысы бөлек дара ұлан. Ол мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ жағрафия пәнінен республикада өткен олимпиаданың үш дүркін бас жүлдесін жеңіп алған болатын. Сөйтіп, ол Қазақстанның құрама командасына қабылданып, дарынды балалармен бірге 2019 жылы Гонконгқа барып қайтты. «Талант тас жарады» деген осы емес пе, осы сапардан келген соң мектепті үздік бітірген ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті экономика факультетіне грантқа оқуға түсті. Қазір ол жоғары білімді, білікті экономист-маман.
Мұратжан Құрманжанұлы жас таңдамайды. Сондықтан болар, оның замандастарының арасында өзімен сырлас-мұңдас болған жасы ұлғайған кәсіпкер Аманкелді Қабылханов та, Парламент Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев та, қазіргі аудандық білім бөлімінің басшысы Мұрат Сванов та бар. Өйткені мектеп директорымен оларды «Өмір» атты үлкен мектеп байланыстырып отыр. Қазір Мұратжан Құрманжанұлы аудан орталығынан ашылған жаңа мектепке басшы болып ауысып барды. 2023 жылдың қараша айында жаңа білім ордасының ашылуына облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің өзі келіп, жаңа нысанның лентасын қиды. Инфрақұрылымы бөлек Құлан ауылының Оңтүстік-Батыс жағынан бой көтерген жаңа микроауданды өзінше бір жаңа қалашық десе де болады. Өйткені мұнда тарихы тереңге кеткен бұрынғы Жамбыл зооветеринарлық-малдәрігерлік техникумы, яғни қазір Құлан агротехникалық жоғары колледжі деп аталатын оқу орны, бұрынғы жөндеу-механикалық зауыты қалашығы, дендросаябақ, бір жарым мың гектар алқапты алып жатқан алма өсіретін агробақ, «Жекен» тойханасы, бұрынғы «ДЭУ» қалашығы бар. Осынау ауқымды микроқалашықтың тұрғындары түгелдей балаларын Мұратжан Мейманханов басқарып отырған жаңа мектепке береді. Келешекте осы ауданнан балабақша, емхана тағы да басқа әлеуметтік-мәдени маңызы бар нысандар бой көтермекші. Демек, ауданның келешегі кемел, болашағы баянды болмақшы.
Айтайын дегенім, жақында Мұратжан Құрманжанұлы асқаралы 60 жасқа келді. Егер ол Қарақыстақ сияқты киелі қоныста қызметте болса, оны торқалы жасымен құттықтап талай замандас-достары табалдырығын тоздырар еді. Бірақ аттың жалында, түйенің қомында жүрсе де Мұратты ұмытпай ыстық ықыластарын білдіріп, мерейлі жасымен құттықтаушылар легі әлі де сейілер емес. «Алпысты – тал түс» деп ізгі тілектерін білдіріп жатқандар баршылық. Осындайда тоң теріс, тым-тырыс жатқанды жөн көрмей Мұратжан Мейманханов сынды абзал азаматты мерейлі жасымен құттықтауды біз де жөн көрдік. Өйткені ол оқытқан, ол тәрбиелеген оқушы қауым ендігі он ауыл болған шығар-ау. Иә, ұстаздың орны – үнемі төрде болуы керек. Ендеше өзің шашқан шуаққа өзің шомыл, Мұратжан. Асқар таудай АЛПЫСЫҢ құтты болсын!
Сейсен Қожеке.
Суретте: Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері, №6 мектеп-гимназиясының директоры Мұратжан Мейманханов.