Алғыс айтқым келеді
Дәрігерлер қоғамда ерекше орын алатын жандардың бірі. Олар – жанашырлықпен, мейірімділікпен қызмет ететін, біздің денсаулығымызға қамқор болатын ақ халатты абзал жандар. Жуырда Мемлекет басшысы халыққа арнаған өз Жолдауында қарапайым «еңбек адамдарының» мәртебесін көтеру керектігін алға тартқан болатын. Осы бір баянды бастаманы қолдай отырып, бүгін менде өз ісінің маманы, білікті де, білімді бір жанға шексіз алғысымды айтқым келеді. Бүгінгі таңда есту мәселесімен бетпе-бет келген жандар үшін өмірдің сан түрлі дауыстарын қайта есту – үлкен бақыт. Жасырып қайтейін, менің әкемнің есту қабілетінен айырылғанына он жылдан астам уақыт болды. Алғашында әкем күнделікті өмірде көптеген қиындықтарды бастан өткеріп, біз оны естігенімізбен, үйдегілерді ол естімей, әбден әбігерге салынатын. Осыны көріп біз көп ойланбастан, әкемізге есту аппаратын алып беруге бекіндік те, көне шаһар Таразға жол тарттық. Шыны керек, ондай аппараттар сол кезеңдерде біздің ауданымызда саудаланбайтын. Қазір де жоқтығына бек сенімдімін.
Қаланың шуы. Абыр-сабыр, әрі-бері ағылып жатқан халық. Мен мұны көріп-естігеніммен, жанымдағы әкем оның бәрінен бейхабар. Тек ішкі түйсігімен мен жөн сұраған жандардың қимыл, іс-әрекетіне қарап, барлығын бағамдайды, сырттай ғана болжайды. Әйтеуір, бірнеше қалалық тұрғыннан жол сұрап, есту құрылғыларын сататын бір дүкенді таптық. Сыртында «Есту әлемі» деп жазылыпты. Ішке кірсек, ұзын-сонар кезек. Алыс жолдан келген соң, амал жоқ күту керек болды. Сондағы бір байқағаным, дәрігер қабылдауына ұн-жырғасы түсіп кірген науқас әп-сәтте көңілі көтеріліп шығады.
Біраз уақыттан кейін біздің де кезегіміз келіп, ішке кірдік. Дәрігермен танысып, есімі Гүлшира екенін білдік.
Гүлшира ханым өз ісіне бірден кірісіп, жан-жақты тексерістен кейін әкеме есту аппаратын тағып, ұзақ тілдесті. Шыны керек, оның науқасқа деген жанашырлығы мені ерекше тәнті етті. Ұзақ пікір алмасып, әкеме сай келетін аппаратты таңдап, үйге де қайттық. Әкемнің көңілі шат-шадыман. Жол бойы балаша қуанып, бізбен де тілдесіп келді.
Расыменде, Гүлшира ханым – нағыз кәсіби маман. Оның мейірімді жүрегі мен кәсібилігіне мен шын тәнтімін. Әкем әр жолы осы орталыққа барған сайын Гүлшира дәрігердің қамқорлық танытатынын айтып отырады. Ол әрбір науқасты жылы шыраймен қабылдап, мұқият тыңдап, қажетті кеңестерін береді. Есту аппаратын тек орнатып қоймай, оның қалай дұрыс жұмыс істейтінін, күтім жасау жолдарын егжей-тегжей түсіндіреді. Оның мұқияттылығы мен шыдамдылығы арқылы әкем секілді жандар көптеген қиындықтарды еңсергеніне сенімдімін.
Осы сәтті пайдалана отырып, бізге үнемі көңіл бөлгені үшін, мейірімді қарым-қатынасы үшін және көрсеткен көмегі үшін Гүлшира дәрігерге отбасымыздың атынан үлкен алғысымызды білдіреміз. Оның арқасында әкем өмірге деген құштарлығын арттырып, күнделікті дауыстарды қайта естудің қадірін түсінді. Гүлшира дәрігерге кәсіби өмірінде табыстар, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз! Еңбегіңіз жана берсін, әр күніңіз қуанышқа толы болсын!
Елімізде дәл осындай дәрігерлер көп болса, біз үшін өмір әрқашан жарқын әрі жағымды болар еді. Рақмет, Гүлшира дәрігер!
Жуырда Гүлшира Пернебекқызымен хабарласып, оның орталығына тағы да бардық. Жамбыл даңғылының соңында орналасқан орталық дамып, тексеру құралдары көбейіп, жұмыс сапасы артқанын көзбен көрдік.«Алимед» емдеу мекемесінде орналасқан «Есту әлемінде» бәрі де өзгерген. Тек бір ғана нәрсе өзгермей, өз орнында тұр. Ол – Гүлшира дәрігердің шынайылығы мен кәсібилігі һәм адамгершілігі.
Ж.Кеңес.