АТҚАРЫЛАТЫН МІНДЕТТЕР АЙҚЫНДАЛДЫ

64 Views

Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының жұмыс жоспарына сәйкес, өткен аптада Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловтің және аудан әкімі Ернар Есіркеповтің қатысуымен «Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2024 жылы атқарған жұмыстары және 2025 жылы алда тұрған міндеттері туралы» есеп беру жиыны өтті.

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының есептік кездесуіне аудандық мәслихат төрағасы мен депутаттары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау және сайлау процесіне қатысты уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары, қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесі мен жергілікті қауымдастық төрағалары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және округтік, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.
Есептік кездесуде Т.Рысқұлов аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Тлепов 2024 жылы жүзеге асқан жұмыстары туралы баяндап, 2025 жылы атқарылатын жұмыс жоспарына тоқталды.
Сонымен қатар жиында аудан әкімі Ернар Есіркепов сөз сөйлеп, жергілікті атқарушы орган мен сайлау комиссияларының өзара іс-қимылы туралы баяндады. Аудан әкімі сайлау процесін жеңілдету, сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау бағытында атқарылып жатқан барлық жұмысты баяндап берді.
Есеп беру кездесуінде облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов те сөз сөйлеп, жалпы облыс көлеміндегі сайлауға қатысты мәселелерді, кандидаттардың сенім білдірген өкілдер мен саяси партия байқаушыларының құқықтары мен міндеттерін, аудандағы сайлаушылар тізімдерін бастапқы дереккөздер негізінде қалыптастыру процесін жетілдіруді, әр сайлаушының мәліметтеріне тұрғылықты мекенжай тіркелім кодтарын енгізу керектігін айтып, өз сөзін қорытындылады.
Жиын соңында сайлау процестеріне қатысты маңызды сұрақтарға жауап беріліп, толыққанды түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жәнібек Сұлтан.

Поделиться ссылкой: