«BAITAL» – біздің бренд

60 Views

Өткен аптада Рахым Сәбденов ауылында сағатына 3 000 литр минералды ауыз су шығаратын зауыт іске қосылды. 

Салтанатты шараға аудан әкімі Ернар Есіркепов пен ауыл тұрғындары қатысып, өндіріс ошағының жұмысымен жақын танысты. Аталған жобаға «Парус – Т» ЖШС-сі 200 миллион теңге көлемінде инвестиция салған.
Жоба екі кезеңде жүзеге асырылып, 2023 жылы құрылыс жұмыстары толық аяқталып, қажетті құрал-жабдықтар сатып алынған. Ал 2024 жылы мамандар кәсіпорынды іске қосу жұмыстарын жүзеге асырған. Құрылыс жұмыстарына 30 адам тартылса, өндіріс іске қосылғаннан кейін 15 тұрақты жұмыс орны ашылып отыр. Айта кетейік, минералды ауыз су «BAITAL» атауымен нарыққа жол тартпақ.
Жоба жетекшілері өз тұтынушыларына сапалы ауыз су ұсыну үшін барлық шараны қабылдаған. Тіпті судың сапасын жақсарту үшін бірқатар тексерулерден өткізіп, барлық санитарлық нормаларға сай келетіні анықталған.
Өндіріс ошағының жетекшілері алдағы уақытта нарықта мықтап орын алу үшін кешенді жоспар құрып отыр. Жоспарға сәйкес ірі кәсіпкерлермен кездесіп, өткеру ісін қолға алып, отандық өнімнің көкжиегін кеңейткісі келеді. Бұл бастамаға аудан әкімі де қол ұшын созып, туған жерге туын тіккен кәсіпкерге жан-жақты қолдау көрсететінін айтты.
Расымен де, «BAITAL» ауыз суы – біздің төл брендіміз. Оған ең алдымен өзге емес, ең бірінші болып өзіміз қолдау білдіру керекпіз. «Құлан таңы» газетінде осы сәтті пайдалана отырып, аудан кәсіпкерлерінен қолдау сұрап, аталмыш минералды ауыз суды өз дүкендерінде саудаласа дейміз. Сондай-ақ, тапқанын тойда шашатын тойшыл қауым да өз ақ дастарханының төрінде төл брендімізді қойса, игі бастамалардың бірі болар еді.
Айта кетейік, Т.Рысқұлов ауданында жалпы құны 16,1 миллиард теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар 500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек.

Жәнібек Базылбек.

Поделиться ссылкой: