Кітап – сарқылмас қазына

153 Views

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың «Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге» дегенін білеміз. Жалпы қай ғасырда өмір сүрсе де барлық ғалым, ақын, ұлы тұлғалар кітап оқудың пайдасы туралы жиі айтып өткен. Нағыз рухани сарқылмас қазына саналатын кітап кез келген саналы адамның өмірлік серігі іспетті. Білімнің қайнар бұлағы да осы кітаптан бастау алады. Осы орайда облыс әкімі Ербол Шырақбайұлының бастамасымен қолға алынған «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы өте керемет бастама екенін айтқым келеді. Кітап оқудың пайдасын санап тауыса алмаспыз. Ең алдымен, ол адамға қоршаған ортаны, әлемді, жаңа салаларды және өздерін тануға көмектеседі. Сонымен қатар ой-өрісін дамытып, есте сақтау қабілетінің жақсаруына көмектеседі. Көп кітап оқыған адамның ойлау қабілеті мықты болады және жылдам ойлай алады. Ол қандай да бір ақпаратты, тақырыптарды талдай алуға, сараптауға, жүйелі пікір қалыптастыруға көмектеседі. Сон­дық­танда кітап адамды табысқа жеткізіп, жетіс­тіктерге апаратын есіктерді ашады дегенді сеніммен айтуға болады.
Берер ақпараты мен білімінен бөлек тұлғалық даму жағынан да кітап оқу адамға үлкен әсерін береді. Кітап оқитын адам айналасымен, адамдармен дұрыс қарым-қатынас құруға бейім келеді. Әдемі сөйлеп, әдемі жазып, ойын анық жеткізе алуға төселеді. Сөздік қоры бай болып, сауаттылық деңгейі де әлдеқайда көтеріле түседі. Адам­ның бойындағы шығармашылық қабілеттерін дамытады. Жаңа идеялар­дың туындауына көмектеседі.
Қырағылықты ғана емес, ақыл­ды, даналықты бойыңызда қалып­тас­тыр­ғы­ңыз келсе, кітап оқудан қашпаған жөн. Бірақ бүгінгі қоғамда кемелденуге көмек­тесетін кітапты оқуды трендке айнал­дыра алдық па? Осы сұрақ көптің көкейінде жүргені жасырын емес.
Статистикалық мәліметтерді ескер­сек, қазақстандықтардың төрттен бірі ғана кітап оқиды екен.
Кітап оқу мәдениетін көтеру үшін мемлекеттік деңгейде де үлкен жұмыстар жасалып жатыр.
«Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз» – де­ген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы кітапхана ісіне бей-жай қарауға болмайтындығын да алға тартып, кітаптардың адамдарға қолжетімді болуына күш салу керектігін айтқан болатын. Біздің де Құмарық ауылдық кітапханасы жаңа кітаптар топтамасымен жиі толықтырылып отыра­ды. Сонымен қатар «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясына ауыл жастары қаты­сып, түрлі іс-шаралар өткізіледі.
Кітап оқуды қалай әдетке айнал­дыруға болады? Кітап оқуды қинал­мастан әдетке айналдыру үшін бірінші дұрыс кітап таңдай білген жөн. Кітап оқымас бұрын оның жанрына, мазмұнына назар аудару керек деп ойлаймын.
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы кітап оқу арқылы жастайынан бірнеше тіл­дерді еркін меңгерген. Ал, М.Горький «Мендегі бар – барлық қабі­летім мен өнерім үшін кітапқа мәң­гілік қарыздармын» – деген екен. Қай заманда болмасын, қай салада бол­ма­сын кітап оқудың пайдасын жоққа шығара алмаспыз. Сол себептен саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін бүгіннен бастап өзіміз де кітаппен дос болуымыз керек.
Жастар – еліміздің ертеңі. Олар кітаппен дос болып өссе, еліміздің болашағы да жарқын болары сөзсіз. Ал, жастарға кітап оқуды санасына сіңірудің ең тиімді тәсілі – өзіміздің әрекетімізбен үлгі болу. Яғни кітаппен дос болуды өзімізден бастауымыз керек. Осы бастама аясында өзім де Қайрат Жолды­бай­ұлының «Кемел Адам» кітабын оқып жүрмін.
Кітап оқыңыз, рухани байыңыз. Білім мен руханияттың кілтін бірге кітаптан табайық.

А.Ибраева,
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің Құмарық
ауылдық округі бойынша жастар ісі
жөніндегі маманы.

Поделиться ссылкой: