Кез келген жұмыста адам еткен еңбегімен қадірлі

38 Views

Ұлттық құрылтайда ел Президенті «Адал – адам, адал – табыс, адал – еңбек» деген ұғымның мағынасына кеңінен тоқталып, еңбегі елеулі жандардың өнегелі өмір жолын көпшілікке насихаттау қажеттігін сөз еткен еді. Еселі еңбегімен елдің алдында қадірі артқан осындай адамдардың еңбекқорлығы мен адалдығы әсіресе желкілдеп өсіп келе жатқан жас буынға өнеге болу қажеттігін де баса назар аударып айтқан болатын.

Ауданымызда жас кезінен еңбекке араласып, ұжымдастарына сыйлы, дос-жарандарының ортасында абыройлы бола білген аға буын өккілдері жоқ емес, бар. Солардың бірі – Тұрар Рысқұлов аудандық полиция бөлімінің арда­герлер алқасының төрағасы, отставка­дағы полиция майоры, ҚР Ішкі істер министрлігінің Құрметті ардагері, Жамбыл облысының Құрметті ардагері, «Жамбыл облысына және Тұрар Рысқұлов ауданына еңбек сіңірген» төсбелгілерінің иегері, ішкі істер органдарында көп жылғы мінсіз қызметі үшін көптеген медалдармен марапатталған Жақсығұлов Еділхан Бегалыұлы қаңтар айының 29-ы күні 70 жасқа толды. Зейнетке шықса да, жас полицейлерге ағалық ақылын айтып, қоғамдық істерге белсене араласып жүрген Еділхан Бегалыұлына аудандық полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Шалғынбаев Алмаз Құлбекұлы және аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы құрмет көрсетіп, мерейлі 70 жасымен құттықтады. Өз сөзінде аудандық полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Шалғынбаев Алмаз Құлбекұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Адал – адам, адал – табыс, адал – еңбек» деген сөзінің мағынасын тереңінен қаузап, Еділхан Бегалыұлы секілді шыншыл, адал азаматтар полиция қызметіне жаңадан орныққан жастарға үлгі екенін айтты. Өз кезегінде Тұрар Рысқұлов аудандық полиция бөлімінің ардагерлер алқасының төрағасы Еділхан Бегалы­ұлы да сөз сөйлеп, осындай құрмет көр­сетіп отырған аудандық полиция бөлімі­нің қызметкерлеріне алғысын біл­дірді.

М.Аятберген.

Поделиться ссылкой: