АУДАН АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ДАМУЫ: нақты көрсеткіштер мен жоспарлар

53 Views

Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының негізін құрайтын стратегиялық сала.

2024 жылдың қорытындылары бойынша ауданда ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі 761 605 гектарды құрады. Оның ішінде тәлімді егістік 146 654 гектарды, жайылымдық жерлер 574 261 гектарды, шабындық алқаптар 19 550 гектарды қамтиды. Өнімділікті арттыру мақсатында 2025 жылы 128 671 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі деп жоспарланып отыр.

Егін шаруашылығы: өнім көлемі мен тиімділік

2024 жылы аудан бойынша 110 300 гектарға масақты дақылдар егілді. Күздік бидай 61 223,5 гектар алқапқа себіліп, оның әр гектарынан орта есеппен 15-17 центнер өнім алынды. Жалпы қамбаға 154,9 мың тонна астық жиналып, өткен жылғы көрсеткіштен 45,3 мың тоннаға артық болды. Егін ору науқанына 160 дана комбайн, 80 трактор, 169 автокөлік және 42 су таситын техника жұмылдырылды.

Қант қызылшасы өндірісі

Ауданда 937,5 гектар алқапқа қант қызылшасы егілді. Бүгінгі таңда оның 98,1%-ы жиналып, орташа өнімділік гектарына 642,4 центнерді құрады. Жиналған 29 048 тонна тәтті түбірдің 27 890 тоннасы өңдеуге жөнелтілді. Жинау науқанында 12 шаруа қожалығы жұмыс істеп, үш қожалық өнім жинау жұмыстарын аяқтауға жақын қалды.

Мал шаруашылығы: өсім мен көрсеткіштер

Аудан бойынша мал басы тұрақты өсімді көрсетуде. Биылғы жылы мал саны 316 316 басқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 13 784 басқа артты. Оның ішінде ірі қара саны 11 728 басқа, ұсақ мал 273 178 басқа, жылқы 10 710 басқа жетті. Сондай-ақ, құс шаруашылығы дамып, 20 618 басқа дейін өсті. Өндірілген сүт көлемі 2 211,7 тоннаға, ет өндірісі 4 086,1 тоннаға жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 2,5%-ға артты.

Ауыл шаруашылығы техникаларының жаңаруы

Аудандағы ауыл шаруашылығы техникаларының паркі жыл сайын жаңарып келеді. 2024 жылы 1,4 млрд теңгеге 73 жаңа техника сатып алынып, жаңару деңгейі 18,7%-ды құрады. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 26,1%-ға жетті. Техника паркін жаңарту ауыл шаруашылығы жұмыстарының тиімділігін арттыруға септігін тигізуде.

Мал азығын дайындау және жанар-жағармаймен қамтамасыз ету

Ауданда мал азығын дайындау жоспары толық орындалды. Биыл 312,8 мың тонна шөп, 51,8 мың тонна сабан, 66,8 мың тонна құнарлы жем дайындалды. Ауыл шаруашылығы жұмыстарына 5 956,2 тонна дизель отыны бөлініп, оның 100%-ы игерілді.

«Ауыл Аманаты» жобасы: ауыл кәсіпкерлерін қолдау

Ауданда «Ауыл Аманаты» жобасы аясында 2 583 аулаға 4,1 млрд теңге несие берілді. Бұл қаржы есебінен 799 кәсіпкер тіркеліп, 815 адам жұмыспен қамтылды. 32 289 мал сатып алынып, 33 ауыл шаруашылығы техникасы әкелінді. Биыл тағы 336 жоба қаржыландыруға ұсынылып, 768 азамат өз кәсібін ашу мүмкіндігіне ие болмақ.

Ауданымызда ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып, өндірістің барлық бағытында оң динамика байқалады. Мемлекеттік бағдарламалар мен жаңа технологияларды енгізу арқылы аграрлық сектордың тиімділігін арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсарту басты мақсат болып қала береді.

ЕРҒАЗЫ ЕСПЕНОВ,

Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары

Поделиться ссылкой: