Ұлы Отан соғысының ардагері Шалданбай Шанбаев – 101 жаста
Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Шалданбай Шанбаев атамыз 101 жасқа толды. Шалданбай Шанбаев 1924 жылдың 10 ақпанында дүниеге келген. Шалданбай ақсақал 1942 жылы әскерге шақырылып, соғыс аяқталғанша ішкі істер әскерлерінің 227 полкінің құрамында болған.
Өкінішке орай, Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің қатары жыл санап азайып бара жатыр. Біздің ауданымызда сұрапыл соғыста етігімен су кешіп, ұлтарақтай жерін қорғаған майдангер аталарымыздан көзі тірі қалғаны осы – Шалданбай Шанбаев атамыз.
Кеше аудан әкімі Ернар Есіркепов 101 жасқа толған Ұлы Отан соғысының ардагері Шалданбай Шанбаевты Жаңатұрмыс ауылына арнайы барып құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Сондай-ақ, Ернар Есіркепов майдангер ақсақалға елордасы Астанадан жеткен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың «Құттықтау хатын» табыс етті.
Аудан басшысы Ернар Серікәліұлы ғасыр жасаған қарияға ізгі лебізін арнап, Жеңісті жақындатуға қосқан үлесін, ұзақ жылдар бойы атқарған елеулі еңбегін, өнегелі өмірін атап өтіп, алғысын жеткізді. Өз кезегінде қарт майдангер де естеліктерімен бөлісіп, ақ батасын берді.
Айта кетейік, Шалданбай қария Мәкен әжей екеуі 6 ұл, 3 қыз өсіріп тәрбиелеген. Бүгінде олардан 49 немере, 102 шөбере, 5 шөпшек сүйіп отырған ақсақал елдің амандығын, тыныштығын тілеп, бейбіт күннің бағасын білуге шақырып келеді. 1942 жылы әскерге шақырылған майдангер соғыстың соңына дейін ішкі істер әскерлерінің 227 полкі құрамында болып, соғыс біткен соң да әскер қатарында қалған. Ол 1949 жылы елге оралып, трактор бригадасының бригадирі, санақшы болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққанға дейін «Жаңатұрмыс» колхозында есепші, бас есепшінің көмекшісі болған. «II дәрежелі Отан соғысы» орденімен «Маршал Жуков» және басқа да бірқатар мерекелік медальдармен марапатталған.
Марат Аятберген.
