Ана тілім – ажарым, асыл мұрам!
Өткен аптада аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйіне қарасты «Достық» үйінде аудандық кітапхана мен аудандық мәдениет үйінің этнографтары бірлесе отырып, «Ана тілім – ажарым, асыл мұрам!» атты кездесу кешін өткізді. Кездесу кешіне көптеген қонақтар шақырылды. Атап айтатын болсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының Тұрар Рысқұлов ауданы бойынша ақсақалдар кеңесінің төрағасы, тіл жанашыры Серікбай Өтегенов, ауданымыздың «Асыл әжелер» ансамблінің мүшелері, қазақ этно-мәдени орталығының жетекшісі Аида Муканалиева, орыс этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі Любовь Левицкая, аудандық мәдениет үйінің этнографы Назерке Керімбекова, №1 мектеп-лицейінің кітапханашысы Этира Сағынтаева және осы мектеп-лицейдің 10 сынып оқушылары қатысты.
Кездесу кешіне келген қонақтарымыз ана тіліне деген құрметтерін білдіріп, жақсы ойларын ортаға салды. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың, өнері де өршімейді. Мінеки, кездесуде осындай құндылықтарға толы ғибратты әңгімелер айтылды.
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Ана тіліміз біздің бойымызға ана сүтімен енген қасиет. Қай елде, қай жерде жүрмейік, өз ана тілімізді құрметтеп жүрейік, қадірлі ағайын.
Гүлдерайым Даулетова,
аудандық кітапхананың кітапханашысы.
