Өмірді байытатын жауһар сөз

99 Views

Көзге көрінбейтін, бірақ жанға жылу сыйлайтын бір құдірет бар. Ол – алғыс. Бұл сөздің қуаты кез-келген адамды бақытты ете алады. Күн сайын тіпті сағат сайын жақындарымызға алғыс айтқанымыз артық болмас. Көк­темнің алғашқы күні жанға шуақ сыйлайтын Алғыс айту күні – мейірім­нің, ризашылықтың, тарихқа тағзым етудің көрінісі. Бұл күн – жақсылық жасаған жандарды еске алып, өткеннің қадірін түсінуге мүмкіндік береді. Қазақстанда бұл мереке тек бір күндік ресми дата ғана емес, халықтың бірлігі мен татулығының символы. Бір алғыс – мың жақсылықтың бастауы екені сөзсіз.
Өмірде бәріміз бір-бірімізге қарыз­дармыз. Бізді өсірген ата-анамызға, білім нәрін сепкен ұстазымызға, шынайы қол­дау көрсеткен досымызға, тіпті күнделікті өмірде бізге көмектескен кез-келген жанға алғыс айту парыз. Бұл адами қасиеттің биік өлшемі. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ халқы қилы замандарда талай этностарды бауырына басты. Бүгінде сол халықтар Қазақстанды өз Отаным деп біледі. Бұл – бауырмалдылықтың, шынайы алғыстың көрінісі! Осы тұста, алғыс айтуды әдетке айналдырсақ, қоғам мейірімдірек бола түседі. Бір ауыз жылы сөз кейде адамның өмірін өзгертуі мүмкін. Жақындарыңа жан жылуын сыйлау, ата-анаға құрмет көрсету, ұстаз­ға ризашылық білдіру – осының бәрі жүректен шыққан алғыстың шынайы көрінісі. Сөзімнің соңын жылы сөз — жүрекке қуат, қоғамға шуақ деген сөзбен аяқтаймын.

Ақжан Улухманова,
Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы.

Поделиться ссылкой: