Cарып ауруы туралы нені білу қажет?
Сарып (бруцеллез) ауруы – ауру жануарлардан берілетін, жүрек-қантамыр, жүйке, урогенитальды жүйелер зақымдануымен қатар жүретін жұқпалы ауру.
Инфекция көзі – ауылшаруашылық малдары. Ішіндегі ең қауіптісі ұсақ малдар болып табылады. 80 пайыздан астам жағдайда науқастар індетті ауырған малды күтіп-бағу кезінде тікелей жанасу арқылы немесе ауру малдың залалданған өнімдерін тұтынғанда жұқтырады.
Аурудың белгілері: жұқтырғаннан кейін 7-30 күн аралығында біліне бастайды. Адам өзінің тез шаршап, тамаққа зауқы соқпай, басы ауырып, делсал болып бойының ауыр тартқанын сезінеді. Дене қызуы 38-39 градусқа дейін көтеріліп, қол-аяғы сырқырап, белі ауырып, түнге қарай терлеп, ұйқысы бұзылып, мойын, қолтық асты, шабының бездері ісініп ауырады. Дәрігерге уақтылы жүгінбей өз бетінше емделген жағдайда, ауру созылмалы түріне ауысып, адам жұмысқа жарамай мүгедек болып қалуы ықтимал.
Сарып індетінің негізгі алдын алу шараларының бірі – ауыл шаруашылық малдарын ұстау бойынша ветеринариялық-санитариялық қағидаларын, әсіресе, оларды күтіп-бағу кезінде жеке гигиена қағидаларын сақтау болып табылады. Малды бағып-қағушылар, қырқыншылар, қасапшылар, тері өңдеумен айналысатын жұмысшылар үстеріне арнайы киім киіп жұмыс істегендері абзал (халат, резіңке етік пен қолғап, алдына су өтпейтін алжапқыш). Қолды жиі сабындап жуып жүрудің де маңызы өте зор. Ауру малдар тұратын қорада темекі шегуге және тамақтануға болмайды.
Егер мал іш тастаса, ол туралы ветеринарлық дәрігерге хабарлау қажет. Іш тастаған жер зарарсыздандырылады. Содан кейін ғана ол жерге сау малды жіберуге болады. Ауру малды өзге малдан бөлектеп, малдың төлін, шуын арнайы құралдармен немесе айырмен алып, ол жердің сабан-шөбін топырағымен қоса алып қорадан аулақ жерге апарып иттер қазып ала алмайтындай етіп көміп тастау керек.
Мал немесе мал шикізатын сатып алсаңыз олардың қауіпсіздігін куәландыратын құжатын талап етіңіз. Мал өнімдері мен шикізаттарын кез келген жерден емес белгіленген орындардан сатып алу қажет.
С.Ускенбаев,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы, мемлекеттік санитариялық бас дәрігері.
