Ерекше балалардың жұлдызын жаққан – «Жұлдызай»

285 Views

Биыл елімізде XX мерей­тойлық «Жұлдызай» балалар шығармашылығының республикалық фестивалі өтуде. Бұл – ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған жалғыз инклюзивті шығармашылық жоба. 

Осыған орай, өткен сәрсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде аталмыш фестивальдің аудандық кезеңі өтті. Байқауға ерекше білім беруді қажет ететін 25 талантты оқушы қатысты.
Дарынды балаларды анықтап, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беру мақсатында ұйымдастырылған шараға аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әбілханұлы қатысып, байқау қатысушыларына жылы лебізін білдірді.
Байқауға аудандық білім беру бөлімінің сектор меңгерушісі Бауыржан Қуанышбекұлы, аудандық білім бөлімінің әдіскері Жанар Біртайқызы, Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің музыка жетекшісі Зарипа Дабысова, аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығының би жетекшісі Ұлбосын Манатбекқызы, психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің меңгерушісі Сұлушаш Қанатқызы және «Ақжүніс» аналарды қолдау орталығының директоры Жанат Мырзаханқызы қазылық етті.
«Жұлдызай» балалар шығар­машылығы фестивалінің аудандық кезеңінің қорытындысы бойынша бас жүлдеге «Вокал» номинациясы бойын­ша №1 мектеп-лицейінің оқушысы Берік Жолдасбек, «Хореография» номи­нациясы бойынша Абай атындағы ша­ғын орталықты орта мектептің оқу­шысы Рамазан Асхат, «Аспаптық орындау» номинациясы бойынша Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің оқушысы Ердаулет Сүйерхан және «Ым-ишарамен ән орындау» номинациясы бойынша психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің білім алушысы Бекнұр Асқарұлы лайық деп танылды.

Ақжарқын Мұратбекқызы.

Поделиться ссылкой: