Іссапар

747 Views

 Орынбеков ортақ міндеттерді ортаға салды

Жаңа жыл қарсаңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков ауданымызға арнайы іссапармен келді. Ондағы мақсаты – аудандағы мемлекеттік мекемелердің жылыту жүйесін тексеріп, өзге де мәселелердің ортақ шешімін табу болатын. Атап айтқанда, ауданға тиесілі  елдімекендерді газ және ауыз сумен қамтамасыз ету, жергілікті учаскелік полицияның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу, сондай-ақ, олардың цифрлы  жүйеге ауысу жұмыстары басты назарға алынды. Облыс басшысының бірінші орынбасары тексеру жұмыстарын Қайыңды ауылындағы ауыз су жүйесінен бастап, жұмыс барысымен танысты. Аталмыш ауыз су жүйесі былтыр ауыл тұрғындарына пайдалануға берілген болатын. Бүгінде 1200-ге жуық халқы бар ауыл ауыз суды тәулік бойы тұтынып отыр. Одан соң ауылдағы мәдениет үйіне ат басын бұрып, мектеп пен балабақшаны да аралады. Аты аталған мекемелердің отқазандықтары мен пайдаланып жатқан көмір отынының сапасын тексеріп, кемшілік кеткен тұстарға ескерту берді.

Бекболат Серікбекұлы іссапар жоспарына сәйкес Құмарық ауылдық округінде де болды. Ауылдағы Болтай батыр атындағы мектепті аралап, білім ордасының асханасы мен отқазандығын тексерді. Содан соң ауыл әкімшілігі, жергілікті учаскелік инспектор, пошта торабы, кітапхана мен спорт кешені бірге орналасқан мәдениет үйіне барды. Ауылдағы алып ғимаратты тексерген облыс әкімінің орынбасары көмірмен жылып отырған кешеннің отқазандығын газға ауыстыру мәселесін де талқылады.

Іссапар барысында Бекболат Орынбеков аудандағы бірнеше құрылыс нысандарын аралап шықты. Біріншіден, Құлан ауылының оңтүстігінде орналасқан «Арай» тұрғын үй алқабына келіп, өз бағасын берді. Дегенмен, инфрақұрылымы толық жүргізілген алқапқа тұрғындардың үй салу жұмыстарын ілгерілету керектігін айтты. Ізінен ірі жобалардың бірі – Луговой ауылындағы сумен жабдықтау жүйесінің құрылыс жұмыстарымен танысып, ауылдағы бос тұрған кеден ғимаратында да болды. Айта кеткеніміз жөн болар, бүгінде іргетасы 2012 жылы қаланған екі қабатты кеден ғимаратын ауылдық емхананың құзыреттілігіне беру мәселесі қаралуда.

Сонымен қатар, Бекболат Орынбеков Елбасының халыққа жолдаған соңғы Жолдауын да қаперінен тыс қалдырмады. Әсіресе, ондағы құқық қорғау органдарының жұмысына байланысты айтылған тұстарына ерекше тоқталып, елді-мекендердегі жергілікті учаскелік инспекторлардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Олармен жеке дара тілдесіп, цифрлы жүйеге ауысу жұмыстарына қанық болып, өз бағасын берді. Алдағы уақытта аудан және ауылдық округ әкімдерінің тарапынан учаскелік инспекторларға қолдау көрсетіліп, полиция жұмысының түбегейлі жақсаруына ықпал жасау керектігін алға тартты.

Елдімекендерді аралап шыққан орынбасар аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында актив жиналысын өткізді. Жиын барысында аудандық бюджеттің игерілу, нәтижелі жұмыспен қамту, жылыту мәселесі, газ бен ауыз судың тариф бағасы, мәдениет пен білім саласы, құқық қорғау органдарында кездесетін өзекті мәселелер қаралды.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: