Жаңа жылдық құттықтау

1 545 Views

Жаңа жылдық құттықтау

Құрметті аудан жұртшылығы, қымбатты жерлестер!

Сіздерді Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Жаңа жыл – жүріп өткен бір жылға баға беріп, тың қадам жасайтын, рухани серпін беретін, жақсылыққа ұмтылдыратын, жарқын өмірге жол сілтейтін мереке.  Өткен 2018 жыл біздің еліміз үшін естен кетпес жарқын оқиғаларға толы болды. Қоғамдағы саяси тұрақтылық және халықтардың шынайы достығы – біздің барлық табыстарымыздың кепілі. Отансүйгіштік қасиеттер мен ұлттық құндылықтарымыз биік идеал мен асыл мұраттарымыздың орындалуына зор күш берді. Еліміздің өсіп-өркендеуіне индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қарқынды серпін жасады.

Туған еліміздің әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуында мол табыстарға қол жеткіздік. Елбасының халыққа дәстүрлі Жолдауынан бастау алған жақсылықтарды өз өмірімізден айқын сезіндік. Елдің дәулеті артты, барлық әлеуметтік топтарға жасалған мемлекеттік қамқорлық бақытты өмірдің айқын көрінісін орнықтырды.

Біздің толағай табыстарымыз бен еңбектегі жетістіктеріміз 2019 жылы да жаңа идеялық ізденістермен және бастамашыл қадамдармен жалғасын  таба беретін болады.

Жаңа жылдан күтеріміз мол. Бұл жылы Жамбыл облысының 80 жылдығын атап өтеміз. Барша жамбылдықтар, оның ішінде, аудан жұртшылығы осы жылды зор еңбек тартуларымен, ортақ мемлекеттік мүдде жолында жеке өнегесімен айшықтап, үлес қосатынына сенімдіміз.

Жаңа жыл үлкен үміт пен зор сенімнің, шаттық пен қуаныштың жылы болсын! Сіздерге мықты денсаулық, баянды бақыт тілейміз! Жаңа жыл баршаңызға жақсылық әкелсін! Сынаптай сырғыған уақыт ізін білдірместен тағы бір жылды өз әміріне көндірді. Сөйтіп, адамзат баласына жақсылығы мен жамандығын қатар сыйлаған тағы бір жыл тарих қойнауына жол тартты. Ең бастысы, бірлік пен ынтымақ болса, мол табыстарға қол жеткізетінімізге деген сенім беки түсті. Сондықтан да үмітімізді ақтағаны, несібемізді еселегені үшін өтіп бара жатқан жылға ризашылығымыз шексіз.

 Қымбатты жерлестер!

Жаңа 2019 жылы елімізде тыныштық, әлемде бейбітшілік, әрбір отбасында шаттық пен қуаныш болсын! Ортақ шаңырағымыздың жарқын келешегі үшін еңбектеніп жүрген барша 

 аудан халқына амандық пен мол жақсылық

тілейміз! 

 

Аудан әкімі А.ҚЫРЫҚБАЕВ                               Мәслихат хатшысы Т.ЖАМАНБАЕВ

Поделиться ссылкой: