Жеңіс туы желбіресін!
95 ViewsЖуырда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Жеңіс туы желбіресін!» байқауының гала-концерті өтті. Іс-шараны Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық…
Апта басында облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық ардагерлер Кеңесі және облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «Жеңіс туы желбіресін!» деген тақырыпта ардагерлер арасында байқау өтті. Байқау 4 номинация бойынша өрбіді. Яғни байқауға қатысушылар «Вокал», «Аспапта орындау», «Хор ұжымы» және «Хореография» номинациялары бойынша бақ сынады. Байқаудың кіріспе сөзін аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил сөз сөйлеп, ашып берді. Қайрат Әбілханұлы өз сөзінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған дәл осы байқаудың жастарымыздың бойына патриоттық рух пен туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыратынын атап өтті.
Байқауға ақын, журналист, Мәдениет саласының үздігі Үміт Битенова, облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының облыстық Халық шығармашылығы орталығының әдіскері Арайлым Нарбатырова, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Мырзабек Маңғұтов және аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрдос Базарқұлов қазылық етті. Айта кетейік, бұл байқауға 14 ауылдық округтен де ардагерлер келіп, бақ сынады.
Байқау қорытындысында «Вокал» номинациясы бойынша жүлделі бірінші орынды Қорағаты ауылдық округінен келген Гүлназия Пірімқұлова, жүлделі екінші орынды Құлан ауылдық округінің атынан бақ сынаған Түзел Алагөзова, жүлделі үшінші орындарды Өрнек ауылдық округінен келген Жорабек Әбдікерімов пен Көгершін ауылдық округінен келген Қарлығаш Төреқұлова иеленді. «Хореография» номинациясы бойынша жүлделі бірінші орынға Қарақыстақ ауылдық округінің атынан бақ сынаған Ирита Молдасанова ие болды. «Аспапта орындау» номинациясы бойынша жүлделі бірінші орынды Құлан ауылдық округінен «Сұлутөр» вокалды аспапты ансамблі жеңіп алды. «Көрермен көзайымы» номинациясы бойынша Роза Серікбаева жеңімпаз атанып, облысқа жолдама еншілеп алды. Байқау жүлдегерлері мен жеңімпаздарына алғыс хаттар табыс етілді.
М.Диханбай.