Маңызды шараларға қатысып, құрылыс нысандарын аралады

150 Views

Аудан әкімі Ернар Есіркепов өткен сенбіде бірқатар маңызды іс-шараларға қатысып, құрылыс нысандарын аралап, кездесулер өткізді. Алдымен аудан басшысы өңір мұғалімдері бақ сынап жатқан спорттық іс-шараға қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Аудан басшысы Ернар Серікәліұлы аймақтағы он төрт мыңнан астам оқушыға сапалы білім мен тәлім-тәрбие беріп жүрген ұстаздардың елеулі еңбегін жоғары бағалап, жарыста кіл мықтылар жеңіске жетсін деген тілегін білдірді.
Одан кейін Ернар Серікәліұлы Көкдөнен ауылында өтіп жатқан сенбілікке барып, тал егу жұмыстарына қатысты. Айта кетейік, Жақсылық және Көкдөнен ауылдарының арасындағы аумаққа сенбілік жұмыстарын жүргізу – тұрғындардың халықпен кездесу кезінде көтерген ұсынысы болатын. Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан», облыс әкімінің «Таza like» және аудан бойынша қабылданған «Киелі Құлан» концепциясы аясында өтіп жатқан бұл сенбілік алдағы апталарда да ауқымды түрде жалғасын таппақ.
Биыл Құланда бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырыла бастады. Соның бірі – «Арай» тұрғын үй алқабы маңында бой көтеретін үлкен спорт кешені. Қазіргі таңда нысанда қазу, тегістеу және құрылыс аймағын қоршау жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі құрылысшыларға сәттілік тілеп, «Арай» тұрғын үй алқабын абаттандыру мәселесіне де көңіл бөлді. Тұрғындарға жайлы жағдай жасау, оларды ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын жеделдету үшін жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Т.Рысқұлов ауданы оңтүстігінде Қырғыз елімен шектеседі. Осыған орай, ауданда контрабандалық жолмен мал өткізуге тосқауыл қою және ұсталған төрт түлікті арнайы орында ұстау үшін жағдай жасалуда. Бұған дейін шекара маңында құжатсыз малды уақытша қожалықтармен келісіп ұстау қалыптасқан еді. Енді бұл мәселе шешімін табуға жақын. Аудан әкімдігінің бастамасымен Шөңгер ауылында заңсыз әкелінген малды уақытша ұстау орны салынуда. Сонымен қатар осы жерде иесіз жүрген иттер де қамалатын болады. Осылайша аудан әкімдігі қаңғыбас иттер мәселесін түбегейлі шешуді жоспарлап отыр.
Аудан әкімі сенбілік жұмыс күнін кәсіпкерлермен кездесумен аяқтады. Жеке жүздесу барысында ауданды дамыту, көріктендіру, абаттандыру, ойын-сауық орталықтарының санын арттыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы маңызды мәселелер талқыланды. Орамды ойлар айтылып, ұтымды ұсыныстар ортаға салынды.

Ақжарқын Мұратбекқызы.

Поделиться ссылкой: