Қазақ күресі – ұлтымыздың айшықты өнері

760 Views

Қазақ күресі – ұлтымыздың
айшықты өнері

Белгілі жазушы әрі қоғам қайраткері Әбжапар Жылқышиевтің туғанына 100 жыл толуына орай, Өрнек ауылдық округіне қарасты Әбжапар ауылында қазақ күресінен облыстық турнир болып өтті. Жергілікті кәсіпкер Дәулет Қазақбаевтың ұйымдастыруымен өткен аталмыш турнирде Мойынқұм, Меркі, Байзақ және Сарысу ауданынан келген жас өрендер де бақ сынады.

Жеті салмақ бойынша белдескен жас балуандарымыздың бозкілемдегі өнері жиналған көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Тұрғындар әсіресе, турнирдің түйе балуаны атанған меркілік Бейбіт Нұржанұлының шеберлігіне тәнті болды. Өз салмақтарында ешкімге есе жібермеген сәлімбайлық Әнуар Әбутәліп пен мойынқұмдық Рүстем Сазанбаевтың да бозкілемдегі белдесулері жанкүйерлерге ұнады.

Г.ҚАЗАҚБАЕВА,

Әбжапар ауылы.

Жасөспірім балуандар бозкілемде белдесті

Ақыртөбе ауылында 2005-2006, 2007-2008 жылғы жеткіншектер арасында еркін күрестен аудандық жарыс өтті. Аталмыш жарысты ауыл жастарын салауатты өмір салтына баулып жүрген жаттықтырушы, еркін күрестен спорт шебері Әбілқасым Қайынбердиев ұйымдастырды. Жарыстың ашылу салтанатында ауылға абыройлы азамат Жахан Мұздыбаев сөз сөйлеп, іс-шараға қатысушыларды құттықтады.

Айта кетейік, бұл жарысқа жалпы жиынтығы 180 оқушы қатысты. Соның ішінен нағыз мықтылары іріктеліп, жүлдегерлер санатына қосылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы алғыс хатпен бірге бағалы сыйлықтар табыс етілді.

ТАҒЫ ДА ҮЗДІК ШЫҚТЫ

Таяуда жаңадан салынған спорт кешенінде жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында волейболдан аудандық жарыс болып өтті. Жарыс шымылдығын аталмыш нысанның басшысы Жанат Бағылбеков пен жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Сәрсеханұлы сөз сөйлеп, ашып берді. Содан соң, жарысқа қатысушы 10 команда 2 топқа бөлініп, ойын көркін қыздыра түсті.

Тартысқа толы өрбіген топтық кезеңнің нәтижесі бойынша жартылай финалға Ақтоған, Құлан, Ахмет Байтұрсынов және Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушылары жолдама алды. Бұл төрттіктің қай-қайсысы болмасын финалда ойын көрсетуге әбден лайықты командалар деуімізге болады. Алайда, аталмыш додада Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушылары өздерінің нағыз бабында екендіктерін көрсете білді. Жүлделі III орынды өзара сарапқа салған Құлан мен Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің кездесуінде алғашқысының мерейі үстем болды. Жартылай финалда өзгеше ойын өрнегін көрсеткен Ахмет Байтұрсынов атындағы шағын орталықты орта мектептің оқушылары ақтық сында қарсыласқа есе жіберіп, жүлделі II орынға ие болды. Ал Ахмет Молдашевтан тәлім алатын Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушылары кезекті мәрте жарыс жеңімпазы атанып отыр. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломмен қатар бағалы сыйлықтар табыс етілді. Ахмет Молдашев жарыстың «Ең үздік бапкері» атанса, ұйымдастырушылар «Ең үздік ойыншы» номинациясын Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің оқушысы Мырзахан Асқарбекке табысетті.

Топтаманы дайындаған

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: