Мен полицеймін!
Мен полицеймін!
Жуырда Луговой ауылдық округінде дәл осындай тақырыпта желілік полиция бөлімінің ұйымдастыруымен тұрғындарға құқық бұзушылықтарға қарсы күресе білуді насихаттап, полиция қызметкерлері мен халықтың арасында тығыз байланыс орнату мақсатында жиын өтті. Аталмыш шараға қоғамдық тәртіп сақшылары, мекеме қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты. Жиында желілік полиция бөлімінің ӘПБ аға лейтенанты Азамат Арыстанбек пен желілік полиция бөлімінің ЮПТ аға инспекторы Батырхан Мырзабай тұрғындарға құқық бұзушылықтарды болдырмау, қылмыстың алдын алу және кәмелетке толмаған балаларды қадағалау жөнінде, әсіресе, қауіпті аймақ саналатын темір жол бекетінен өтуде абай болу керектігін ескертті. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік мәселелері туындаса, құқық бұзушылық әрекеттерді байқаса, қылмыстың алдын алу мақсатында міндетті түрде тәртіп сақшыларына қоңырау шалу керектігін ескертті. Сондай-ақ, Инспекторлар қазіргі уақытта белең алған сыбайлас жемқорлық, зорлық-зомбылықпен күресудің жолдарын да түсіндіріп өтті. Олар өздері дайындаған «Мен полицеймін» атты бейнеролик арқылы өз қызметіне адал бірнеше полиция қызметкерлерін үлгі етіп көрсетті.
PS: Өздері айтқандай, полиция қызметкерлерін көпшілік ұната бермейтіні де рас. Дегенмен, әлгі өлеңде айтқандай, біреу жайлы пікір айтпас бұрын, сол адамның жүрген жолымен жүріп көру керек сияқты.
«Біздің елдің жігіттері жігіттердің төресі, Біздің елдің жігіттері ұлы мұхит кемесі.
«Осы елден бақ пен Қызыр қашпаса екен» деп тілеп, Осы елдің осал жерін түзеп жүрген шегесі.
Солар жайлы білгің келсе, ортасына кіріп көр, Солар жүрген соқпақ жолмен дәтің барса, жүріп көр» — дейді ақын Есенқұл Жақыпбек «Біздің елдің жігіттері» өлеңінде. Бейнероликтегі қызметін адал атқарып, өз өмірін тәуекелге қойып, ел тыныштығы үшін күрескен, қауіпті қызметті мүлтіксіз атқарған қаһарман жандардың ерлігін көріп отырып, менің ойыма осы бір өлең жолдары оралды. Әрине, полиция – елдің тыныштығын күзетіп, осал жерін түзетуші азаматтар. Осыны халық та, әрбір полицей де үнемі жадында ұстаса игі.
Салтанат ҚАРАСАЕВА.