Сот жүйесі – әділдік айнасы

35 Views

Қоғамның тыныштығы мен мем­лекет тұрақтылығы құқық пен әділ­дікке негізделген. Ал осы құқық пен әділдіктің орындалуын қамтамасыз ететін негізгі құрылым – сот жүйесі. Халық арасында «Сот – әділдік айнасы» деген сөз бекер айтылмаған. Себебі сот билігі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың басты құралы болып табылады.
Сот жүйесі – мемлекеттік биліктің бір тармағы ретінде заң үстемдігін қамтамасыз ететін, даулы мәселелерді бейтарап әрі әділетті шешетін орган. Консти­туцияда көрсетілгендей, Қазақстанда сот төрелігі тек сот арқылы жүзеге асырылады. Бұл – биліктің заңнан жоғары еместігін және азамат­тардың заң алдындағы теңдігін біл­діреді.
Соттың әділдігі – қоғамдағы сенім деңгейінің көрсеткіші. Егер халық сотқа сенсе, онда ол мемлекетке де сенеді. Сондықтан соттар барлық істе заңды басшылыққа алып, тәуелсіз және бейтарап болуға тиіс. Судьялардың кәсібилігі, моральдық тазалығы мен адалдығы – әділ сот төрелігінің негізі.
Қазақстанда сот жүйесін рефор­малау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты аясында соттардың ашықтығы мен қолжетімділігі артып келеді. Электрондық сот төрелігі енгізіліп, істерді қарау процесі айқындала түсті. Бұл сотқа жүгінушілердің құқықтарын қорғауда маңызды қадам болды.
Сонымен қатар медиация мен татуластыру рәсімдерінің енгізілуі қоғамда бейбітшілік пен келісім мәдениетін нығайтты. Бұл – дауласудан гөрі келісімге келуді жоғары бағалайтын құқықтық сана қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Сот жүйесі – мемлекеттің айнасы, халықтың сенімін ақтайтын басты институт. Егер сот әділ болса, қоғам да тұрақты, ел де қуатты болады. Сондықтан сот билігінің тәуелсіздігін сақтау, оның ашықтығын қамтамасыз ету және кәсіби мамандармен толықтыру – әділетті Қазақстанның кепілі.

Ж.Құлатаева, аудандық соттың бас маманы.

Поделиться ссылкой: