Келелі жиын өтті
21 ViewsОсы аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және оған қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында жиын өтті. Аталмыш кездесуге Қазақстан Республикасының…
2017 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарық көргені баршаға мәлім. Мақалада басты 6 бағыт жайлы айтылды. Олар: бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық код, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы. Бұл мақала мемлекетіміздің болашаққа бастар басты қадамы, себебі, мұнда айтылған бағыттардың барлығы да жарқын болашағымыздың кепілі, жас ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор дүниелер.
Бәсекеге қабілеттілік болашақ ұрпақтың қай жағынан болмасын, өнер, білім, ғылым тұрғысынан өзге ұлттармен иық тіресе алатындай дәрежеде болуы деген сөз. «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылдыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз» — дейді Елбасы өз сөзінде. Ал «ұлттық бірегейлікті сақтау» деген ұғымды «ұлттық сананың кемелденуі» деп түсіндіреді. Сол секілді білімнің салтанат құруы – еліміздің жарқын болашағының кепілі. Өйткені, білім – басты құндылықтардың бірі. «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы» туралы «Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Әрине, тарих тек ақтаңдақтардан тұрмайды. ХХ ғасыр Қазақстанға бірқатар игіліктерін де берді. Индустрияландыруды, әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымдардың құрылуын, жаңа интеллигенцияның қалыптасуын осыған жатқызуға болады. Революциялар дәуірі әлі біткен жоқ. Тек оның формасы мен мазмұны түбегейлі өзгерді. Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді. Бұдан сабақ ала білмесек, тағы да тарихтың темір қақпанына түсеміз. Ендеше, эволюциялық даму қағидасы әрбір қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналуға тиіс» деп жазды Елбасы. «Сананың ашықтығы» жайлы да бірқатар оралымды ой айтқан Президентіміз бұл мақалада жас ұрпақтың кемел келешегіне кепілдік болар құнды дүниелер мен басты бағыттарды атай келе, жүйелі жоспарлардың тізімін жасады. Әрине, бұл жоспарларды жеткілікті дәрежесінде түсініп, орындай білу әрбір қазақстандық азамат үшін міндет. Сонымен бірге, бала тәрбиесін ұлт болашағына балайтын әрбір қазақ, әрбір балабақша қызметкері үшін де үлгі болмақ! Ұрпақ ұлағатты болсын десек, тарихтан тағылым алып, игі дәстүрлерімізді жаңғыртқанымыз абзал. Елбасымыз айтқан нағыз рухани жаңғыру деген — осы. Болашақ бүгіннен бастау алады, яғни болашақ балабақшадағы тәрбиеден басталады. Біз – балабақша ұжымы тәрбиеленуші балалардың әрқайсысына ерекше көңіл бөліп, әрбірінің тәрбиесіне, мінез- құлқына назар аудара алуымыз керек. Олардың жеке қабілеттерін байқай отырып, ерте бастан бауырмалдыққа, ұлтжандылыққа, еңбекке, тәртіпке үйретуіміз керек. Бұрындары қазақ баласын молдаға, ұстазға тәрбиелеу үшін тапсырарда «еті – сенікі, сүйегі – менікі» деуші еді. Яғни, балабақшаға келген әрбір сәби – ата- анасының бір аманаты. Сол аманатты, сол сенімді ақтау – тәрбиешілердің міндеті. Яғни, менің айтпағым: болашағымыздың кілтін ұстайтын жас ұрпақ – бүгінгі бүлдіршін. Әрбір тәрбиеші өзінің алдында ұлт болашағы отырғанын терең түсіне білсе деймін. Яғни, сол балаларды Елбасымыз айтқандай, елжандылыққа, бәсекеге қабілеттілікке бейімдеп, санасын жаңғыртуды балабақшадан бастаса екен!
Жазира БЕКАЙДАРОВА,
«Балбөбек» бөбекжай бақшасының музыка жетекшісі.