ТАРИХИ ҚҰЖАТТАРДЫ ЖИНАҚТАУДЫҢ ТИІМДІ ТӘСІЛІ

779 Views

ТАРИХИ ҚҰЖАТТАРДЫ ЖИНАҚТАУДЫҢ ТИІМДІ ТӘСІЛІ

 Қазақ халқының тарихы тереңде жатқаны белгілі. Кезінде кең даланы мекен еткен бабаларымыздың салт- дәстүрі мен әдеп-ғұрыптарын зерттеген ғалымдар талай деректерді қағаз бетіне түсірді. Аталмыш деректер әлем елдерінің мұрағаттарында қат-қатымен жиылып, сары майдай сақтаулы тұр.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев осы мәселеге байланысты үлкен бастама көтерді. Нақты айтқанда қараша айында халық назарына ұсынылған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаланың «Архив – 2025» бөлімінде кеңінен қозғады. Тарихи сананы жаңғырту мақсатында қолға алынған мақалада ел Президенті мынадай міндеттерді назарға алу керектігін жеткізді. «Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге 

 қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдарламасы табысты іске асырылды. Бірақ, бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр. Сондықтан, ежелгі

 дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет,

 -деп тарихшылар мен мәдениеттанушыларды ортақ міндеттерді іске асыруға шақырды. Сонымен қатар, жұмыс барысында құрылған арнайы топтарды өзіміздің және өзге елдердің ірі архивтерімен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді қарым-қатынаста болып, сапалы зерттеу жұмыстарын жүргізу керектігіне де тоқталған болатын.

Мақала мазмұнында құнды құжаттарды жинақтаудан бөлек 

 бірнеше өзге жұмыстарға баса мән берілді. Мысалы, тарихи жәдігерлер жинақталды делік, дегенмен, оны өзіміздің мұрағаттарымызға жинақтап қоюдың еш пайдасы жоқ. Керісінше сол деректер дүйім жұртшылыққа қолжетімді болуы тиіс. Елбасы сол үшін олардың барлығын цифрлы жүйеге ауыстыру керектігін алға тартты. Бұл бастама ел тарихына қанық боламын деген әрбір қазақстандық үшін тиімді болмақ. Одан бөлек бастамада «мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-архиологиялық қозғалыстарды құру маңызды» деп көрсетілген. Аталмыш идея келешек ұрпақтың ұлт тарихын терең игеруіне және оларды отаншылдыққа тәрбиелеуге көп септігін тигізетіндігі сөзсіз.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы дәл уақытында қолға алынған бастама. Мақаладағы әрбір бөлім төл тарихымызға жаңа серпіліс әкеліп, мәдени мұрамызды қайта қалыптастырып, жаңаша жаңғыртатыны анық. Сонымен қатар, жоғарыда аталған межелі міндеттерді орындау – ғалымдар мен зерттеушілердің ғана емес, әрбір қазақстандықтардың ортақ міндеті деп білемін.

Н.ЖАМАЛБЕКОВ,

Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі.

Поделиться ссылкой: